Home » Ашық сабақтар » ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ КЕШЕУІЛДЕГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ КЕШЕУІЛДЕГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

Соңғы кезде қоғамда орын алған өзекті мәселенің бірі – психикалық дамуы кешеуілденген балалар санының күрт өсуі. Бүкіләлемдің денсаулық ұйымының мәліметі бойынша дүниеге келген балалардың тек 20% ғана дені сау болып туылады екен, қалғаны психофизиологиялық немесе психикалық ауытқуы бар, я болмаса сондай ауытқуға бейім балалар.

Қазіргі таңда Қазақстанда білім берудің түрлі реформаларымен байланысты тұлғаны әлеуметтік-мәдени бейімдеудің жаңа тетіктерін қарастыру ерекше маңызды орын алуда. Елбасының дәстүрлі әрбір жылғы Жолдауында қоғамның ең бір әлсіз қорғалған мүшелерінің, соның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін лайықты қамтамасыз ету, оларға сапалы білім беруді ұйымдастыру екені айқын көрсетіледі. Бұл мәселе инклюзивті білім беру бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.

Инклюзивті білім беруді қолдау бағытында жалпы білім беретін мектептерде белгілі себептермен ақыл-ой дамуында ауытқуы бар немесе психикалық дамуы тежелген оқушылар білім алуда. Әр оқуышының білім алуда өз ерекшеліктері бар. Мәселен, әр оқушының эмоционалдық және психикалық таным процестерінің даму деңгейі әртүрлі. Десек те, қазіргі таңда әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие, сапалы білім беру өмір талабы болып табылады.

Психикалық дамудың тежелуі ақыл-ойдың артта қалуына қарағанда жиі кездеседі. Бұл жерде психикалық дамудың тежелуін тұрақты, орны толмас процесс ретінде емес, оның дамуының баяулаған үрдісі ретінде қарастыру керек. Осындай жағдай көбінесе мектеп табалдырығын аттағанда байқалады. Олардың осы жағдайға шалдығуы сабақ үлгерімінің төмендеуіне және тәртіп бұзуға себеп болады. Мектепте ондай балалар аз емес. Психикалық дамуы кешеуілдеген балаларды қатарға қосу мақсатында жүргізілетін түзету жұмыстарының тиімділігі, тек мектеп мұғалімі мен психологына емес, тікелей ата-аналарға (әсіресе анаға) да байланысты. Өйткені ана бала үшін ең үлкен, ең жақсы психотерапевт болып табылады. Ата-аналармен бірлесіп өткізілетін топтық тренинг жұмыстарының нәтижесінде балалардың өзін-өзі бағалаулары көтеріледі, коммуникативтік дағдылары қалыптасып, мінез-құлқы мен оқу үлгерімдері жақсарады. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар балалардың ата-аналарының әлеуметтік-психологиялық мәртебесін көтеруге, «ана-бала» жұбының қарым-қатынасын жақсартуға, жанұялық үйлесімділікті көтеруге үлкен септігін тигізеді.

«Психикалық дамудың тежелуі» деген ұғым орталық жүйке жүйесі органикалық немесе функционалдық жағынан жеңіл зақымданған, сондай-ақ әлеуеттік депривация жағдайында ұзақ қалып қойған балаларға қатысты қолданылады. Оларға эмоциялық-ерік жағынан және танымдық қызметінің жетілмеуі тән, бұл көпшілік оқитын мектептің бірінші сыныбының бағдарламасын меңгеруге мүмкіндік бермейді.

Психикалық дамудың тежелуі, балалардың танымдық мүдделерінің жетіспеуі жоғары психикалық функциялардың жетілмеумен, жадтың бұзылуымен, көру және есту арқылы қабылдау қызметінің жеткіліксіздігімен, қозғалыстың нашар үйлесуімен ұштасады. Қол буындары қозғалыстарының әлсіздігі өнімді қызметке – илеу, сурет салу, құрастыру, жазуға теріс әсер етеді. Танымдық белсенділіктің төмендеуі қоршаған орта туралы білім қорының және баланың мектепте оқуының алғашқы сатысындағы жасына сәйкес практикалық дағдыларының шектелуінен көрінеді. Сөйлеу тілінің кемшіліктері дыбысты дұрыс айтпаудан, сөздік қордың жүдеулігі мен жеткілікті сараланбауынан, логикалық, грамматикалық құрылымдарды меңгерудің қиындығынан көрінуі мүмкін. Эмоциялық-ерік жағы мен мінез-құлық бұзылыстары ерік-жігердің әлсіздігінен, эмоциялық тұрақсыздықтан, импульсивтіліктен немесе, керісінше, сылбырлықтан, селқостықтан көрінеді.

Психикалық дамуы кешеуілдеген балаларды зерттеу барысында олардың зейіндерінің белгілі бір нысанға тұрақталмайтындығы анықталды. Зейіннің басты бір қасиеті оның – тұрақтылығы. Сабақ үстінде баланың зейінін белгілі бір әрекетке шоғырландырып, оны тұрақты етуге, ол үшін алаңдатушы тітіркендіргіштерге жол бермеу керек. Шашыраңқылық, өз ойымен әлек болу, қолайсыз эмоциялық күйдегі жағдайлар, бала зейінін ауытқытып, әр түрлі нәрселерге әсерлендіреді. Балаларға біркелкі жалықтыратын және тартымдылығы аз іс-әрекетпен айналыстыру өте қиын. Зейіннің бұл ерекшелігі сабақтарға ойын элементтерін енгізу және іс-әрекет түрлерін жеткілікті ауыстырып отыруға негізгі себеп болып табылады. Сондықтан білім беру үрдісінде зейіннің алатын орны ерекше. Оқыту мен оқудың қайсысы болса да, жетістікке жету, зерттелетін нысанға зейін қоюдан басталады.

Арнайы жүргізілетін әдістемелердің барысында психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың қабылдауының бұзылыстары анықталды. Психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың танымдық қабілеттерінің ішінде – қабылдаудың бұзылуы, зейіннің бұзылуымен байланысты. Сондықтан қабылдауды толықтай зерттеу үшін арнайы маман психикалық дамуы кешеуілдеген балалармен ұзақ уақыт жұмыс жасау керек. Психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың қабылдауының бұзылысы кезінде олардың үлкен жарты шарлар миының қызметі бұзылады. Мысалы, сөйлеу, есту, көру, тірек-қимыл аппараттарының механикалық бұзылысына әкеліп соқтырады.

Баланың психикалық әрекетінің қалыптасуы бір қалыпты болмауынан дамудың тоқтап қалуы байқалады. Бұл балаларға тән ерекшелік – зейін мен жұмыс қабілеттілігінің төмен болуы. Кейбір балаларда іс-әрекеттің басында зейіндері жоғары күшті болады да, ал кейін ол төмендей бастайды. Ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді есте сақтаудың төмендеуі, есте сақтау беріктілігінің жетілмеуі, интеллектуалдық белсенділіктің төмендеуі – осы категориядағы балаларға тән ерекшелік.

Психикалық дамуы кешеуілдеген баланың танымдық белсенділігін дамыту үшін ойын құралдарына негізделген оқыту әдістерін пайдалану керек. Өйткені ойын барысында баланың еркін әрекет етуі оның психикалық, танымдық жағдайына тиімді әсер етіп, белсенділігін арттырады. Балалардың танымдық әрекеттерін белсендендіру – бұл белгілі бір факторлардың әсерінен болған ойлау және білімді игеру үдерістерінің жеделдетілген ағыны. Педагог психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың қажеттілігі мен қызуғушылығын ескере отырып, сабақтың түрі мен мазмұнын ойын арқылы үйрету технологиясымен ұштастырады.

Қорыта айтқанда, психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың жеке тұлғалық ерекшеліктері нормаға қарағанда анағұрлым кеш байқалады, ал кейбіреулерінде мүлдем қалыптаспайды. Қазіргі таңда елімізде психикалық дамуы кешеуілдеген балалар өзінің қадір-қасиетін қастамасыз ететін, өзіне деген сенімділігін арттырып және қоғамдық өмірге белсене араласуына жәрдемдесетін толыққанды жағдайларда өмір сүруде. Және де осындай балаларға жан-жақты педагогикалық қолдау көрсетіп, танымдық белсенділіктерін дамытып, қызығушылықтарын арттыру қажет.

Мемлекеттік арнаулы (коррекциялық)

№32 «Еркін» бөбекжай балабақшасы

Сатынбекова А.А.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*