Home » Білім және тұлға » Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдік әлемі

Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдік әлемі

Мағжан Жұмабаев – поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан – мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды [1, 14 б.].

Мағжан поэзиясының тіл кестесі, лирикасындағы сыр сезім тоғысы, суреткерлік пен ойшылдық оқырманын талай рет тамсандырып, небір дуалы ауыздардың ілтипатына ие болып, өзіне тәнті еткен. Атын атауға жасқанып, бұқпантайлаған заманда да тасты жарған тас бұлақтың суындай нәрлі поэзия жасырып оқыған талай жүректі өзіне баурап, өзгеше күйге бөлегені шындық. Мағжан поэзиясының осынау құдірет күшін өз замандастары толық мойындап, кейі ашық, кейі жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен.

Мағжан шығармашылығының биік деңгейге көтерілуінде халық ауыз әдебиетінің маңызы зор болған. Поэтикасының пайда болуы, көркемдік стилінің тууы, образ жасау принциптерінің дамуын, шығармасындағы халық тілінің айшықты кестелерінен дәстүрлі фольклордың элементтерін кездестіруге болады, фольклордағы көркемдеуші құралдарды пайдалануда да өзіндік стиль ерекшелігі болған [2, 208 б.].

Мағжан Жұмабаев өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің, не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін мойындайсың.

Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жар, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жай күйі тұрады; сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді.

Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестелеген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы жолда» деген өлеңінде ақын былай дейді:

Дала. Дала. Сар дала!

Жапан түзде бір қара…

Шілде. Оттай ыстық күн.

Дала – өлік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып.

Жол жыландай иірілед,

Шаң ерініп, үйірілед.

Ешбір леп жоқ, тып-тыныш.

Қарапайым көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт – бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте тоғысқан, яғни айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет болып шыққан. Әрине, мұндай көркем сөзді көркем ой тудырмақ [3, 230 б.].

Сәбит Мұқанов Мағжан Жұмабаевқа: «Әдетте Абайды философ ақын, Мағжанды лирик ақын дейміз. Абай ақылдың ақыны да, Мағжан сезімнің ақыны» деп баға берген. Махаббат – әлем поэзиясындағы Абай арқылы жаңаша жаңғырды. Ол жырлаған «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты өлеңдері махаббат сезімдерін асқақ гимнге айналдырып жіберді. Ал табиғатынан лирик М. Жұмабаевтың шығармашылығында да махаббат тақырыбы айрықша орынға ие. Мағжан Жұмабаев поэзиясынан Кеңес тұсында датталмаған, күйе жағылмаған өлеңді табу қиын. Махаббат лирикасына дейін сынға ұшырады [4, 38 б.]. Мағжанды өз кезінде ақын ретінде танытқан да осы махаббат жайлы өлеңдері болатын. Бұл туралы кезінде Ж. Аймауытов «Ақын махаббатқа сенеді, жүрегі сезеді, махаббатсыз өмірде мағына бар деп білмейді. «Көңілді ашатын, жалынды басатын, жалғыздыққа, зарыққанда, талыққанда жүрекке ем болатын жалғыз ғана махаббат, адам шын сүйсе, махаббат жүректі жыралайтын тікенек! Жар сүйсе жүрек жазылады, сүймесе өледі, махаббат – бір тәтті у, дүниенің у-шуы махаббаттай күшті әсер бере алмайды» – міне ақынның махаббатына көзқарасы. Бірақ махаббатты мәңгі деп ұқпайды. Кейде махаббат тез сөніп қалуға мүмкін деп қарайды» деген пікір айтқан. Бұл жолдарды Жүсіпбек Мағжанның «Махаббат не?» өлеңінен жазған.

Махаббат – бір тікенек,
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек,
Тамшылап одан қан ағар [4, 38 б.].

«Сүйгенім анық» атты өлеңіндегі сезімнің, яғни махаббаттың да өзгеретіндігін жырлаған.

Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат
Сүйгенім хақ,
Куә мынау көп жұлдыз!

деген жолдарды меңзеп отырғандай.

Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін, жан-денесін бергенше.
Жан денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем, құшағымда өлгенше, –

деп жырлаған ақын үшін махаббаттан күшті нәрсе жоқ. Өмірдегі ең қымбат, ең асыл – махаббат. Ол оны тақ пен тәжге де, тіпті дүниенің бар байлығына да айырбастамайды. Өйткені шын ғашық болудан артық бақыт жоқ. Ақын:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына», –

деп жырлайды. Сезімді бұлайша асқақтата жырлау бұрын-соңды қазақ поэзиясында кездесе бермейтін. Мағжан Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасындағы» «саған құрбан мал мен бас» деген ойларды ары қарай дамыта, тереңдете алып кетіп, махаббаттың сиқырлы сезімінің құдірет күшін жан дүниесімен жайып салады. Сүйіспеншілік сезімдерінсіз адамдардан адамдық істер күтуге болмайды. Махаббат – адам өмірінің мәні. Ақын тағы бірде ғашығыңды:

«Жалындап күйіп,
Бір ғана сүйіп,
Өлсең де болмай ма?» –

деп сауал тастай жырлайды. Өйткені адамды адам қылатын, ақынды ақын қылатын – махаббат. Гүл болмаса, бұлбұлдың сайрамайтындығы сияқты, ғашық болмаған ақын да жырлай алмайды. Шын сүйген ақын ғана шабыттанып, шын жырлай біледі.

Сүйіспеншілік – Мағжан поэзиясының өзегі, қаны, жаны, жүрегі. Оның «Сүй, жан сәулем», «Төгілген шашы», «Күміс нұрлы ай», «Шолпан», «Сүйгенім анық», «Хор сипатты қарындас», «Жас сұлуға», «Сәуле», «Гүлсім ханымға», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» т.б. өлеңдерінде адам жанының сүйгеніне деген не бір тылсым сырлы әсем өрнек тапқан. Осы өлеңдерінің қай-қайсы болса да өзінше бір әлем, бір-бірін қайталамайды. Шетінен самалдай соғып, жібектей желпіп, жүректі тербетіп, ғажап бір күйге бөлейді [4, 39 б.].

Ананы жырламаған ақын кемде-кем. Адам үшін өмірден қымбат еш нәрсе жоқ болса, сол өмірді сыйлаған – ана. Мағжан да ананы жырға қосқан. «Сүйемін» деген өлеңінде ол асыл анасын, сүйген жарын, өскен елін, туған жері Арқаны сүйетінін жырлайды. Осылардың ішінде ананы бірінші қояды.

«Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар.
Көз дегенің сұп-сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол анамды сүйемін!»

Ақынды ақын қылатын – сүйіспеншілік сезімдері. Ата-анасын, ғашық жарын, туған жерін, өскен елін сүймеген адам ақын бола алмайды. Өзіне өмір сыйлаған анасын, ғашығын сүйіп өскен Мағжан туған жерін де, қазақ елін де жанымен сүйе білді. Ақынға туған жерден ыстық жер жоқ.

Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады.
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы.
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін, –

деп жырлайды ақын. Ақын туған жерін сол жерде кіндік қаны тамып, өмірге келгендігі үшін, есі кіріп, ержеткендігі үшін сүйеді. Мағжан үшін де өзі туған Сасықкөлден артық жер бетінде жер жоқ. Ақын көзімен қарасаңыз, «алыстан мұнарланып шалқыған көлдің» жағасындағы ауылда өткен өмір – романтика. «Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңінде ақынның туып-өскен ауылына деген ыстық махаббаты бүлкілдеп тұр.

Айдын көл ата қоныс құт болған көл.
Сусын боп сұрағанға от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сүт болған көл, –

деп жырлаған туған жерінің ертеңі ақын жүрегін мазалап, тыныштық бермейді [4, 45 б.].

Шын мәнінде елін, жерін сүйген адам ғана халқының патриоты бола алады. Олар халқына адал қызмет етіп, өмірін соған арнайды. Патриоттар елінде болып жатқан әрбір оқиғадан қалыс қала алмайды. Жақсы болса, халқымен бірге қуанады; жаманына күйзеледі. Мағжан да өзінің бар саналы өмірін туған халқына қызмет етуге арнаған шығармашылығымен елінің елдігін де, ездігін де жырға қосқан, сонысы үшін отқа да күйген, суға да түскен аяулы азаматтарымыздың қатарында көріне біледі.

Мағжан Жұмабаев – қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін, өткенін жан-тәнімен сүйген ұлтшыл ақын. Өткен өмірдің жақсы жақтарын өлеңмен өрнектеуге келгенде ақынның қаламы жүйрік. Өлеңдерінің ұлттық идеяларымен суарылып отыруы – ақынның бүкіл поэзиясына тән өзіндік ерекшелігі.

Мағжан поэзиясындағы бейнешілдік тәсілдің қалыптасуына, ең алдымен, ХІХ ғасырдың орта кезінде Ресейдің қазақ даласына отарлауды толық аяқтағаннан кейінгі озбырлық әрекеттерінің өршіп, ұлт наразылығын қоздыруы ықпал етті. Бұл қазақ зиялыларының елінің ертеңгі тағдырына алаңдаушылығын тудырды. Бірақ оны ашып айтуға империялық саясат мүмкіндік бермеді. Сондықтан ішкі қарсылығын образдап, астарлай ымдап, ишарамен, жұмбақтап жазуға мәжбүр болды [5, 34б.].

Мағжан – қазақ поэзиясының саздылығын, әуезділігін арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Европа ақындарының шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын. Мағжанның жаңашылдығын осы тұрғыдан таныған жөн. Мағжан – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы ұлы Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанмен өзінше жол табудан жалықпай, көп ізденген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның тылсым шақтары ақын көңіл-күйімен, мұң-қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Осының бәрі тұтаса келіп, Мағжан суреттеп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді. Сондықтан да бейнешілдікті ең шырқау биігінде көрсету үшін, ақын өз басындағы қайғы мен қасіретті, мұң мен зарды халық басындағы ауыр күндермен астастыра жырлайды. Ол қандай сөз қолданса да талғап, ой таразысынан өткізіп, өлеңнің ішкі-сыртқы тұтастығының сай келіп отыруын көздеген. Өйткені оның өлеңдерінен басы артық, бос сөздерді кездестіре алмайсыз. Қай өлеңін алсаң да белгілі бір ырғақпен, әдемі әуезбен, сөз өнерінің сиқырлы әлеміне тарта береді. Сондықтан да Мағжанның «суретті, кестелі, көркем сөзі» ешкімге ұқсамас өзіндік өрнек.

Мағжан – қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығы мен дәстүр қалыптастырған, соны ізденістері арқылы өзіндік өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақын. Ол қазақ лирикасына сыңғырлаған нәзік әуез нәрін құйып, ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады. [6, 351 б.].

Мағжан – ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың бағына туған жарық жұлдызы. Мағжандай ақынның өлеңдерімен сусындап өскен ұрпақ – бақытты ұрпақ. Ол жастарға, яғни бізге, үлкен сенім артып, еліміздің атақ-даңқын шарықтататын жас ұрпақ екеніне кәміл сенген.

                       Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Сүлейменов Ж. «Мағжан: Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар…»// Дала мен қала. – 2008. №42.
  2. Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. Алматы: Ана тілі, 1998. – 232 бет.
  3. Қазақ әдебиетінің тарихы, 7-том. Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. – 462 бет.
  4. Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004. – 304 бет.
  5. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті: Оқулық. Алматы, 2012. – 408 бет.
  6. Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу. Алматы: 2007. – 288 бет.

Бакаева Мадина Муратовна,
«әл-Фараби» мектеп-лицейі,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
СҚО, Петропавл қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*