Home » Ашық сабақтар » Денсаулық кепілі – дәрумендер. Аймахамбетова Жанар Ермековна

Денсаулық кепілі – дәрумендер. Аймахамбетова Жанар Ермековна

Білім беру саласы: «Денсаулық», «Коммуникация»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Қауіпсіз мінез-құлық негіздері

Мақсаты: Балаларға дәрумендер және оның денсаулыққа тигізетін пайдасы жайында түсінік беру, логикалық ой-өрісін, тілін дамыту, сөздік қорын молайту. Балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Баланың ой қиялын, зейінін, шығармашылық қабілетін, сөздік қорын жетілдіру. Жемістер мен көкөністердің пайдасын білуге, табиғатты сүюге, аялауға, қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: көкөністер, жемістердің суреттері,

Әдіс-тәсілдері: Әңгімелесу, түсіндіру. Дәрумендердің келуі. Жұмбақтар шешу, мақал – мәтелдер айту.

Шаттық шеңбері:
Шуағын шашады,
Күн шықса жиектен.
Жылу алып нұрынан
Денсаулықты түлеткем,
Денсаулық – ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай,
Денсаулық – ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.

– Балалар, осы жақсы көңіл-күймен бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметімізді бастаймыз. Бүгінгі жаңа ұйымдастырылған оқу қызметімізде дәрумендердің денсаулығымызға деген пайдасын білетін боламыз. Дәрумендер дегеніміз не? Орысшасы қалай аталады?

– Дәрумен – Витамин.

– Дұрыс айтасыңдар, адамның дені сау болып, ширақ та, сергек болып жүру үшін дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Адам ағзасына әртүрлі қоректік заттар мен дәрумендер қажет.
Біздің күнделікті ішіп жүрген тамағымыз жайлы Рауан тақпақ айтып береді.
Тамақты ішсең күнде сен,

Белгілі бір мезгілде,

Таңертең, түс, түстен соң,

Жатар алды кезінде,

– Біз тамақты күніне неше мезгіл ішуіміз керек екен? – Төрт мезгіл. Таңертең, түс, түстен соң және де жатар алды кезінде. Дұрыс.

Біздің күнделікті тағамдарымыздың ішінде әртүрлі дәрумендер бар. Сол дәрумендердің бірнешеуін балалар ортаға шығып айтып беріңдер.

Мен «А» дәруменімін. Мен асқабақта, өрікте, қызанақта, салатта, сендер күнде ішіп жүрген айранда боламын. Мені күнде өз тағамдарында қолданған балалардың көздері жақсы көретін болады. Бойларына күш-қуат беремін. (Рауан)

Ал мен, «В» дәруменімін. Мен балықта, картопта, асбұршақта, сиыр етінде, жаңғақта, нан өнімдерінде боламын. «В» дәруменін қолданған баланың ішкі құрылыстары, жүйке жолдары, қан айналымдары күшейіп, жақсы жүгіретін болады. (Нурали)

Мен «Д» дәруменімін. Мен жұмыртқада, балықтың майында, сүт тағамдарында, яғни ірімшікте, қаймақта боламын. Мені қолданған баланың сүйегі мықты болады. Қалай иілсеңдер де, сүйектерін мықты болып өседі. (Димаш)

Мен «С» дәруменімін. Мен орамжапырақта, алмада, лимонда, апельсинде, алмұртта боламын. Мені жеп өскен бала мықты, батыр болады. Ешқандай микробтар жоламайды.

– Балалар, біз сендерге өте қажетпіз. Денсаулықтарың мықты болып өсу үшін бізбен дос болыңдар. (Нурдаулет)

Дәрумендер бәрі бірге айтады: сендер біз туралы не білесіңдер?

Біздің балалар дәрумендер туралы тақпақ біледі.

Балалардың тақпақтары:

Дәруменъхххдер тірегің,

АВСДЕ деп аласың.

Жетіспесе бірі оның,

Ауырып сен қаласың. (Нурали) 

А – сы қажет көзіңе,

В – сы қажет жүйкеге,

С – дан микроб безінер,

Д – сүйекті нығайтар. (Рауан)

А – болады асқабақ,

Өрік, айран, салатта,

В – балық, картоп, асқабақ,

Сиыр еті жаңғақта. (Димаш)

С – апельсин, алмұртта,

Д – балық майында,

Е – қарақаттан табылар. (Нурдаулет)

– Жарайсыңдар, балалар! Мен сендерге тапсырма алып келдім. Тапсырманың аты «Бөліктерді құрастыр». Балалар, тақтада бір жеміс жасырулы тұр. Ол жеміс екіге бөлінген, сол бөліктердің ішіндегі тапсырмаға жауап берсеңдер, бөлік ашылатын болады. Сол тапсырмаларды дұрыс орындасаңдар бөліктердің қандай жеміс екенін білетін боламыз.
Жұмбақ шешу. І – ші бөліктегі тапсырма

Бұйра шашы желменен ойнап тұрады,

Қызыл мұрны жерге бойлап тұрады. (Сәбіз).

Қалың киімді ұнатады,

Шешіндірсең жылатады. (Пияз).

Аласа талда алуан алма,

Ал қызыл болмай аузыңа салма (Қызанақ).

Қараңдаршы, балалар, сендер жұмбақты дұрыс шешкен соң жасырылған жемістің бір бөлігі ашылды.
Мақал-мәтел. ІІ – ші бөліктегі тапсырма.

Ас – адамның арқауы, (Нұрдәулет).

Дені саудың – жаны сау. (Нурали).

Тазалық – денсаулық кепілі. (Рауан).

Денсаулық – зор байлық. (Димаш).

– Жарайсыңдар, балалар! Бұл тапсырманы да тез орындадыңдар. Ал, қараңдаршы, жасырылған жеміс қай жеміс екен?

– Алма!

– Балалар, алма жемісінде қандай дәрумендер бар? Біздің ағзамызға қандай пайдасы бар?
– Алмада «С» дәрумені бар, алманы жесек денсаулығымыз мықты болып, барлық аурулардан аулақ боламыз.

– Жарайсыңдар. Алманың пішіні қандай? – Дөңгелек. Түсі ше? – Жасыл. Балалар тақтадағы жемістер мен көкөністердің бірнешеуін сипаттап береді. Орысша атауларын да айтады.
Балалар, біздің денсаулығымыз мықты болу үшін дәрумендерді қабылдаумен бірге дене қозғалысына мән беруді естен шығармауымыз керек. Қане, барлығымыз денемізді қыздырып, сергіту жаттығуымызды жасайық.

Жалқаулықты тастаймыз,

Жаттығуды бастаймыз.

Шынығамыз жастай біз,

Қиынсынып қашпаймыз. 

Иілеміз оңға бір,

Иілеміз солға бір,

Қимылдайды әр сәтте,

Аяқ та, қолда бір.

Тәрбиеші: Қане, тақтаға суретке қараңдаршы. Мына бала өте толып кеткен, ал мына бала керісінше, әдепті және ұқыпты. Таза бала Самат болсын, ал ұсқынсыз бала Алмат деп ат қояйық. Алмат бақшадан келгенде сөмкесін, аяқ киімін лақтыра салып, ас үйге кіреді. Үстелдің үстінде тұрған тамақты асығыс жейді, сосын беті-қолын жумай, қисайып ұйықтап кетеді екен. Зиянды тамақтарды көп жегендіктен шектен тыс толып және беті-қолын жумаған, сондықтан ұсқынсыз болып кеткен.

Ал, керісінше Самат бақшадан келгенде киімін ауыстырып, колын сабынмен тазалап жуып, содан кейін ас үйге кіріп, үстел үстінде отырып тамақтанады. Өте ұқыпты және таза бала болып өсіп келеді.

Тәрбиеші: Балалар, естеріңде болсын, түрлі хот-дог, чипсы сияқты тағамдарды және кола сусындары біздің ағзамызға кері әсерін тигізеді. Бұл тағамдардан әрдайым аулақ болған жөн! Сондықтан да дұрыс тамақтану керек.

Жарайсыңдар! Барлығыңда ақылды екенсіңдер. Енді сендермен бір ойын ойнайық. Ойын «Дәмін татып, қай жеміс екенін ата» деп аталады.

Рахмет, балалар! Сендер тапсырманың барлығын жақсы орындадыңдар. Енді келген қонақтарға өз шеберлігімізді көрсетейік.

Балалар екі топқа бөлініп, ұжыммен алмұртқа жіңішке таяқшаларды тыға отырып кірпішен жасайды. Алдын ала жіңішке таяқшаға жүзім қыстырылып дайындап қою керек. Сол дайын таяқшаны балалар ретімен алмұртқа қыстырып шығады. Үлгіде көрсетілгендей етіп.

Балалардың еңбектерін бағалап, мадақтау.

Келген қонақтармен үш тілде қоштасып, жасаған жұмыстарын бірнешеуін келген қонақтарға сыйға ұсынады.

Күтілетін нәтиже:

Білуі керек: Дәрумендердің адам ағзасына пайдасын, олардың қандай тағамдарда болатынын білуі керек.

Болуы керек: Қызығушылығы, зейіні, сөздік қорларының көбеюі.

Қолынан келуі: Тапқырлығы, ұйымшылдығы, шеберлігін шыңдауы.

Аймахамбетова Жанар Ермековна,
№ 53 «Мерей» балабақшасының
ІІ санатты тәрбиешісі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*