Home » Ашық сабақтар » Өнеге – отбасынан. Айтенова Нургуль, Жуманова Гульзира

Өнеге – отбасынан. Айтенова Нургуль, Жуманова Гульзира

Білім беру саласы: «Әлеуметтік»

Мақсаты: Балаларға отбасы туралы түсінік бере отырып, отбасындағы «сүйіспеншілік» құндылығы кезінде «сыйластық», «кішіпейілділік», «құрметтеу» қасиеттері түсініктерін кеңейту. Отбасында жағымды қарым-қатынас жасау іс-әрекеттерін дамыту.

Құндылық: Сүйіспеншілік

Қасиеттер: Сыйластық, кішіпейілділік

Ресурстар: Топтың оқу қызметіне сай безендірілуі, буклеттер, суреттер.

Балабақша: «Жұлдыз»    

Іс-әрекет кезеңдері:

-Балалар, сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Бүгінгі өзін-өзі тану пәнінен ұйымдастырылған ашық оқу қызметіне сендер қандай жайдарлы, қуанышты, ақ жарқын болып келгенсіңдер. Балалар, бүгінгі күн ерекше күн. Бүгін бізге көптеген қонақтар келді. Ендеше, балалар, бір-бірімізбен келген қонақтармен амандасып алайық.

Шаттық шеңбері: Балалар шеңбер бойына тұрады.

Армысың, аспан әлемі!

Армысың, мейірімді Жер-ана!

Армысың, менің достарым!

Сәлем бердік сіздерге!

Кім үлкенді тыңдаса,

Кім үлкенді сыйласа.

Үлкен болған кезінде,

Сыйлы болмақ өзі де.

Жарайсыңдар, балалар! Енді жаймен орнымызға жайғасайық.

Балалар бір-бірімен, қонақтармен амандасады.

Жағымды күйге келу.

Жай әсерлі музыка әуені қойылады.

-Балалар, денелеріңді тік ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көзімізді жұмайық, Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңдар. Айналадағы бар тіршілік иесі сендерді аялап қоршап жатыр. Ал енді тұла бойларың жақсылыққа, махаббатқа толы деп ойлаймын. Көзімізді ашып күлімсірейік.

Үйге берілген «Достық» туралы мақал-мәтелдерді сұрап, сұрақ жауап арқылы пысықтау.

Достық ережелерін айтайықшы: татулық, сыйластық, түсінушілік, кешірімді болу.

Балалар мақал мәтелдер айтады:

Аққуды атпа, Досыңды сатпа.

Ағаш тамырымен,

Адам досымен мықты.

Ұйымдастырушылық іздестірушілік

Қане, балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырайын, мұқият тыңдаңдар.

Онсыз қызық жоқ маған,

Онсыз бақыт жоқ маған.

Ол – әр баланың панасы,

Ол не екен, балалар?

 

Балалар жұмбақты мұқият тыңдайды: отбасы екенін айтады.

Бүгінгі біздің тақырыбымыз «Өнеге отбасынан» болмақ. Тақтадағы суреттен кімдерді көріп тұрсыңдар? Иә, бұл суретте сүйіспеншілігі мол бір-біріне ыстық ықыласпен, аяулы сезіммен қарап отырған отбасы мүшелерін көріп тұрмыз.

Адамға ең қымбат – отбасы.

Отбасында сыйластық, татулық, бауырмалдық, кішіпейілдік болғанда ғана бірлік болады.

Тәрбиешінің сыйы. Балалар, мен сендерге отбасы туралы әңгіме айтамын. Мұқият тыңдайық.

Әңгiмелеу (сұхбат)

Аслан мен Арман 5 жаста. Олар балабақшаға барады. Балабақша олардың үйлерінен алыстау. Оларды балабақшаға атасы мен әжесі апарып, алып келеді. Балабақшада достары көп, олармен бірге ойнайды. Сонда да олар үйге жеткенше асығады, өйткені кешке барлық отбасы мүшелері үлкен дастархан басына түгел жиналады, қызықты әңгімелер айтылады. Күнделікті кешкі астан кейін атасы мен әжесі немерелері «күндерім, құлыншақтарым, ботақандарым» деп еркелете отырып, ертегілер айтып береді. Содан кейін олар ата-аналарының ақылдарын тыңдай отырып, үлкендерге көмектеседі. Гүлдерге су құяды, кітаптарын жинайды, өз киімдарін реттеп орындарына қояды. Атасы мен әжесі немерелеріне «Айналайындарым, үлкен азамат болыңдар!», «Өркендерің өссін!» деп баталарын береді. Әкесі мен анасы да балаларының ақылды азамат болып өсіп келе жатқандарына қуанады

Сұрақ-жауап арқылы пысықтау. Суретпен жұмыс.

Дәйек сөз

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» – бүгінгі оқу қызметінің дәйек сөзі. Бала отбасында жақсы тәрбиеленсе, өскенде әдепті, ақылды азамат болып шығады.
Балалар әңгімені мұқият тыңдайды.

«Сергіту сәті

Жалғыз саусақ тіпті де

Ұстай алмас жіпті де.

Екі саусақ бірікті,

Ине қолға ілікті.

Үш саусағым орамды,

Жүйіртеді қаламды.

Өнерлі екен он саусақ,

Қала салсақ, жол салсақ.

 

Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)

Балалар, отбасы тақырыбында алған білімдеріңіз бен отбасына деген сүйіспеншілігімізді ортаға салып, шығармашылық жұмысымызды бастайық.

1-топ «Алғырлар»

«Отбасы» суретін салу.

2-топ «Тапқырлар»

«Күннің шуағы» аппликация

3-топ «Білгірлер»

Отбасын мүсіндеу.

Балалар топқа бөлініп, шығармашылық жұмыс жасайды. Топ басшылары шығып жұмыстарын қорғайды.

Рефлексивті-түзетушілік

Балаларды шеңбер бойына шақыру. Ойын: «Күннің шуағы»

Отбасы жайлы жылы сөздер айтылады. Балалар өз отбасыларын мақтан тұтатындығын білдіреді.

 

Балалар айтады:

Менің отбасым – ең мейірімді.

Менің отбасым – ең сүйкімді.

Менің отбасым – ең өнегелі.

Менің отбасым – ең білімді.

Топпен ән айту

Шеңбер бойында тұрып «Әрқашан күн сөнбесін» әнін айту.

Үйге тапсырма. Отбасы туралы мақал мәтелдер жаттап келу.

 

Соңғы тыныштық сәті

Ыңғайланып отырыңдар. Денелеріңді түзу ұстап, аяқ-қолымызды айқастырмай, қолымызды тіземізге қойып отырайық. Көзімізді жұмайық. Бүгінгі оқу қызметінен алған игі қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп сақтайық.

Бүгінгі оқу қызметінің құндылығы:

сүйіспеншілік,

сүйіспеншілік,

сүйіспеншілік.

Соңғы тыныштық сәтін орындайды.

Балалар бірге қайталап айтады.

Күтілетін нәтиже:

Біледі: Отбасы – ол ең жақын адамдардың ошағы.

Әрқашан отбасы мүшелерін сыйлап, құрметтеу керек.

Игереді: Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, қарым-қатынасы.

Қолданады: Жағымды қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырады.

Айтенова Нургуль, Жуманова Гульзира,
“Жұлдыз” бөбекжай-балабақшасы
тәрбиешілері,
ОҚО, Кентау қаласы

Facebook арқылы пікір жазыңыз

One comment

  1. Данияр

    Сиздердин өткен сабактарыныз өте қатты ұнады!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*