Home » Таным » Қазақ мақал-мәтелдерінің аударылу ерекшелігі

Қазақ мақал-мәтелдерінің аударылу ерекшелігі

   Әр халықтың ұлттық дүниетанымы оның рухани және мәдени мұрасы арқылы көрініп отырады. Оның айқын көрінісі ретінде даналық сөз өрнектерін, яғни мақал-мәтелдерді алуға болады. Кез келген ұлттың шығармашылығын, өнер туындыларын өзге тілге аударғанда, оның сыртқы пішіні, көркемдігі, тіпті мазмұны өзгереді. Бұл қасиет мақал-мәтелдің аударылуына да тән. Қазақ мақал-мәтелдері өзге тілдерге, оның ішінде орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жүр. Аудармашылар оларды аударғанда тікелей сөзбе-сөз аудару тәсілін пайдаланып, мағыналас тіркестер арқылы берсе де, баламасын тапса да, оның басты функциялары жоғалмай, көрініп тұруы абзал. Сонымен қатар, түпнұсқа тіліндегі ұлттық ой, қазақы мазмұн, көркемдік сипат өзіне сәйкес деңгейде жеткізілуі тиіс.

Мұндағы әңгіме өз тіліміздегі мақал-мәтелге өзге тілден мазмұны да, сыртқы пішіні де сәйкес келетін мақал-мәтелдерді сыртқы қалпы өзгешелеу болса да, мазмұны сәйкес мақал-мәтелдерді іздеуде емес, қазақ мақал-мәтелін басқа халық тілінде көркем етіп беру, аудару арқылы ел мен ел, халық пен халық бірін-бірі түсінетіндей дәрежеге жеткізу, яғни, қазақ халқының тұрмысын, салтын, мәдениетін көрсететін, тәлім-тәрбие, өнеге үлгілері болатын мақал-мәтелдерді өзге халыққа таныстыру және сол арқылы өзге елдің де мақал-мәтелін білу, өйткені бұл алмасу міндетті түрде екі жақты болады. Әр тілдердегі мақал–мәтелдерді зерттегенде олардың ортақ қасиеттері де, бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктері де байқалады. Ортақ қасиеті – жоғарыда айтып кеткеніміздей – танымдық, тағылымдық, эстетикалық мәні. Ал өзгешелігі – ұлттың рухани әлемін бейнелейтін өзіндік мазмұнында.

Мақал-мәтелдер – халықтың ғасырлар бойына көкейіне түйіп, көңіл түпкірінде сақтаған ұрпақ еншісіне тиесілі алтын қазынасы, рухани мұрасы. Зерттеу деректері бойынша мақал – ана тілімізге араб тілінен енген «орынды сөз» деген ұғымды білдіретін кірме сөз. [1,12]. Мақал мен мәтелдің бір-бірінен айырмашылығы жөнінде М. Әуезов: «Мақал толық тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте ол бір немесе бірнеше толық сөйлемнен құралады. Ал, мәтел, мақал сияқты, толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады» – деп жазған еді. [2, 193]. Үлкен совет энциклопедиясында мақалға: «Пословица – меткое образное изречение, которое обобщает и типизирует различное явление жизни. Для пословицы характерно полное выражение мысли и наличие вывода, в отличие от поговорки, которая выражает мысль неполно» – деген анықтама берілген [3, 243]. Бұған қарағанда мақалға тән қасиет өмірдегі түрлі құбылысты жинақтау және типтендіру, әрі тауып айтылған бейнелі сөз болуы, ойды түгел беруі, әрі қорытынды жасауы мақалды ойды толық жеткізбей тұспалдап айтатын мәтелден айырып тұрады.

А. Байтұрсынов мақал мен мәтел жайлы: «Мәтел – кезі келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады» – деп мақал мен мәтелдің ара-жігін қысқа да нұсқа айырса, [4, 250] ғалым К.Аханов: «Мақалдар көбінесе екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында шарт, немесе жалпы байымдау, соңғысында қорытынды түйінді пікір айтылады» – деген пікір айтады. [5, 177]. Десекте, «Ел іші – алтын бесік» тәрізді кейбір мақалдардың жалғыз сөйлемнен тұрып та, тікелей кесіп айтылған пікірді, қорытынды түйінді білдіруін де жоққа шығара алмаймыз. Мұнда мәтелдегідей жанамалай айтылған тұспал болмайды.

М. Әлімбаев: «Мақал дегеніміз – өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы байымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы» – деген өте орынды пайымдауында мақал табиғатына тән ерекшеліктердің барлығы тұтастай қамтылған. [1, 16 ].

Мақал-мәтелдерге мағыналық сәйкестіктегі, жақындықтағы ұлттық мақал-мәтелдерді пайдалану аударманың бір ерекшелігі немесе дайын нұсқамен ауыстыру тәсілі деп айтамыз. Бұл тәсіл әр халықтың тәржімалық тәжірибесінде бар. Бірінші тәсілмен аударылған мақал-мәтелдерден бұл әдіспен аударған нұсқаларын ажырату қиындығы жалпы алғанда бір елден екінші бір елге ауысып жүрген, сол ұлттың сөйлеу тіліне кеңінен енген даналық сөз үлгілері аз емес. Бұл тәсілді түпнұсқаның әсерлілігі, ұйқасы, ауыспалы мағынасы мен сөйлеу тіліне тән түсініктілігі сақталмаған жағдайда қолдану дұрыс.

Мысалы:

Ештен кеш жақсы.

Better late than never.

 

Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді

 

A good wife makes a good husband

 

Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген артық.

Better die standing than live kneeling

 

Мәтелдер жөнінде біраз қайшы пікірлер бар. Мысалы, В.Л. Архангельский мәтелдерді тұрақты сөз тіркестерінің баламасы деп қарайды. [6, 315]. Тұрақты сөз тіркестері мен мәтелдер жөнінде мұндай пікірлерді негізсіз деуге болмайды. Бұл әрбір жеке немесе сол генетикалық топқа кіретін тілдердің табиғатына да байланысты. Бұл мәселе түркі тілдерінде дербес зерттеуді талап етеді.

К.Аханов: «Мәтелде ой-пікір, топшылау мақалдағыдай, тікелей кесіп айта алмайды да, образды түрде жиналмай айтылған ишара болады, – деп түйеді [5, 177]. Ғалым М.Ғабдуллин: «Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады, – деген пікір айтады. [7. 78]. М.Әлімбаев мәтелді: «Мәтел дегеніміз – халықтың арасына көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама- қарсы шендестіруі жоқ ықшам да кестелі халық сөзі» – деп түсіндіреді [1,27].

 

Мысалы:

All one ‘s geese are swans ( с.с.а.: Біреудің қыздары аққудай);

The shoe is on the other foot (с.с.а.: Басқа аяқтағы аяқ киім);

That’s the horse of another colour. (с.с.а.: Ол басқа түсті ат);

Do you see any green in my eye? (с.с.а.: Менің көзімнен жасыл көріп тұрмысың?)

 

Сонымен, мақал белгілі бір ұғымды тікелей білдірсе, мәтел жанамалап, меңзеп, тұспалдап жеткізеді. Мысалы: Көрмегенге көсеу таң; Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты; Апама жездем сай т.б.

Енді ағылшын басылымдарындағы мақал-мәтелдерге берілген анықтамаларға да тоқтала кетейік.

Ағылшын тіліндегі «proverb» сөзінің түпнұсқасы латынның «proverbium», яғни ‘set of words put forth’- commonly uttered’ pro’fors’, және verbium – word’ деген сөзінен шыққан.

Британ энциклопедиясында мақалға былай деп анықтама берілді: «Proverb, succinct and pithy saying in general use, expessing commonly held ideas and beliefs. Proverbs are part of every spoken language and are related to such other forms of folk literature as riddles and fables that have originated in oral tradition» [8, 79]. Берілген анықтаманың қазақша аудармасы: «Мақал- көпке ортақ ой мен көзқарасты білдіретін көпшілік қолданатын қысқа әрі нұсқа сөз. Мақалдар – халық әдебиетіндегі жұмбақтар мен мысал әңгімелер түрлері тәрізді ауызша таралатын кез-келген сөйлеу тілінің бөлігі».

Жоғарыда берілген қазақ, ағылшын ғалымдары пікірін қорыта келгенде, мақалдан мәтелдің айырмашылықтары төмендегідей:

  • Мақал толық тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте ол бір немесе бірнеше толық сөйлемнен құралады. Мәтел, мақал сияқты, толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жамалады;
  • Мақал бір, екі, кейде төрт сөйлемнен құралады. Мысалы: Өз үйім – өлең төсегім; Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол; Жаманнан жақсы туды деп сүйінбе, Ол да тартар негізге. Жақсыдан жаман туды деп күйінбе, Ол да тартар негізге;
  • Мақал әрқашан толық сөйлем күйінде келеді:

Достың алыс- жақынын іс түскенде білерсің.

A friend is never known till a man have need;

 

– Мақалда параллелизм көп. Сондықтан да мақалдың басым көпшілігі қос тармақты болып келеді:

Жол қуған кәдеге жолығады,

Сөз қуған бәлеге жолығады.

 

Who chatters to you,

Who chatter of you;

 

Қазақ және ағылшын мақалдарының ішінде үш тармақты, төрт тармақты түрлері де кездеседі. Мысалы:

 

Кеспе көже күн батқанша,

Бидай көже ел жатқанша,

Тары көже таң атқанша;

 

Үйдің жылы-суығын

Қыс түскенде білерсің.

Достың алыс- жақынын

іс түскенде білерсің.

 

The cuckoo comes of mid March,

And cucks of mid April

And goes away of Midsummer month,

When the corn begins to fill.

 

When the cuckoo comes to the bare thorn,

Sell your cow and buy you corn:

But when she comes to the full bit,

Sell your corn and buy you sheep;

– мақалда айтылар ой не тура, не астарлы түрде беріледі;

– мақалда емеурін жоқ. Мақалдағы ойды бар адам бірдей түсінеді.

Мақал көп жағдайда үлгі, өнеге, өсиет, ақыл айтуға құрылады.

Мысалы: Шешесін көріп қызын ал, Аяғын көріп асын іш, Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол;

– мәтел, мақал сияқты, толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады. Бір, кейде екі сөйлем түрінде кездеседі. Мысалы: Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты; Өз үйім деме, үй артында кісі бар. Мәтелде тұжырым, қорытынды жоқ. Айтылар ой тура айтылмай тек емеурін, ишаратпен жеткізіледі. Мысалы: Апама жездем сай; Мен не деймін, қобызым не дейді. Мәтелдер контекстке орай әр түрлі жағдайда пайдалануға келеді.

Мақал-мәтелдер сырт қарағанда идиомаларға, яғни фразеологиялық тұтастықтарға да өте ұқсас. Мақал-мәтелдердің тұрақты сөз тіркестерінен айырмашылығы: мақал-мәтел аяқталмаған ойды білдірсе, тұрақты сөз тіркесінде көбіне ой аяқталмайды. Ұқсастығына келсек, мақал-мәтелдердің де, тұрақты сөз тіркестерінің де астарлы мағынасы бар, сыңарларының орнын өзгертуге, не басқа сөзбен ауыстыруға болмайды, бірнеше сөз бірігіп, бір ғана ұғымды білдіреді. Мысалы: Төбе шашы тік тұру, Ит өлген жер, Екі езуі екі құлағына жету, біреудің арқасында күн көру, ақ түйенің қарны жарылды т.б.

Мақалдар қолданысы мен мағынасы жағынан екі топқа бөлінеді:

  • тура мағынасында қолданатын мақалдар;
  • ауыспалы мағынасында қолданатын мақалдар.

Біріншісі үнемі тура мағынада қолданылып, көбінесе үгіт, өсиет, ақыл-кеңес түрінде айтылады, ал екіншісі негізгі ойды астарлап ишаратпен береді.

Мысалы:

 

Жауға жалынба, досқа тарынба;

Never bow to your enemy and spare nothing for your friend;

 

Жалған достан жау артық;

False friends are worse than open enemies;

 

Болар іс болады;

What is done can not be undone;

 

Досына қарап,

Кісіні таны.

A man is known by the company he keeps;

Бұл мақалдар тұп-тура мағынасында айтылып тұр.

 

Ал, ауыспалы мағынада айтылғанда ол бір астарлы пікірге топшыланады. Ағылшын тілінде де ауыспалы мағынада қолданылатын мақалдар өте көп.

Мысалы:

Адам адамға қасқыр;

Man is to man a wolf;

 

Таяқ еттен,

Сөз сүйектен өтеді;

 

The tongue is not steel buy it cuts;

 

Аз сөз алтын, көп сөз күміс;

Speech is silver, but silence is gold;

 

Уақыт алтын қазына

Time is money;

Демек, мақал дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесінің бір ауыз сөзбен берілген қорытындысы, түйіні. Мақал белгілі бір ұғымды тікелей білдірсе, мәтел жанамалап, меңзеп, тұспалдап жеткізеді. Мақалда айтылар ой тура не астарлап айтылады. Мақал-мәтелдердің авторы болмайды, нақыл сөздердің, қанатты сөздердің авторы болады. Мақал-мәтелдердің шешендік сөз үлгісіне қарағанда мазмұны жалпы айтылады. Мақал-мәтелдер өзге тұрақты сөз орамдарына (қанатты сөз, т.б.) тұлға жағынан ықшам, мазмұн жағынан әмбебап болады. Мақал-мәтелдер өзге сөз орамдарына қарағанда әлдеқайда тұрақты, тиянақты болып келеді.

Мақал-мәтелдер – әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы.

Ол – адам баласының ертедегі қоғам құрған кезінен бастау алып, ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, толығып келе жатқан жанды құбылыс, халық даналығының қоры, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан рухани мұрасы.

Абдимуминова Айгерим Джанибековна,
№90 жалпы орта мектебі, ағылшын тілі пәні мұғалімі.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Асар мөлтек ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*