Home » Айтарым бар » Ұлт қасиеті – тілінде

Ұлт қасиеті – тілінде

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
А. Байтұрсынов

         Адам адам болып жаралғалы жер бетіндегі өмір сүруінің, ұлт болып қалыптасуының негізгі – тілге келіп тіреледі. Себебі, «тілі жоғалған ұлт, ұлт атынан да айырылады». Сондықтан да ұлтымыздың ұлы атын мәңгілікке сақтау үшін ең әуелі тілімізді сақтауымыз керек. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы: «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы. Онда дәм де, мән де болу керек».

Кезінде ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған даласында Фараби мен Йассауиден қалған, жоңғардың шапқыны мен орыстың тепкінінен аман қалған ана тілімізді қазақ даласында өз қазағыңның ұрпақтары өз тілі мен дінін, ділін сақтап, ұлтын сүйер ұлтжанды азаматтар тәрбиелей білсе – ұлт қасиеті осында деп ойлаймын.

Мектеп табалдырығын аттағаннан бері Қ.Мырза Әлінің:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте,-

деп басталатын өлеңімен тілді құрметтеу сезімін санамызға сіңіре білген ұстаздарымыздың ұлы арманы өткен мен бүгінгіні, бүгін мен болашақты жалғастырар ұлы көпір іспеттес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тіліміздің мүшкіл халін ойлап, аттандаған ұлт жанашырларының еңбегі бірте-бірте ақталып келе жатқандай. Аманжол Әлтайдың

Өгейсімей ей, қазақтың баласы,

Бір сәт маған мойын бұрып қарашы.

Бұрын мені қастерлейтін еді ғой

Қазағымның ақылды мен даласы.., – деп басталатын диалогында кезінде бабалардың аманаты болған, «нұрлы жұлдызға» теңеген кең тілі, кең тілі – қазақ тілінің тағдыры баяндалады. Ұлтқа ұран болған осынау бір өлең бойыңдағы ұлтжандылық сезімін оятып, намысты қамшылаған талай жыр жолдарының бірі-тұғын.

«Тілім» деп әлі күнге шырылдап жүрген ақынымыз М. Шаханов:

Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,

Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.

Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,

Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде, – дей келе, «Мемлекеттік тілді қолдау – Қазақстан халқының конституциялық парызы» екенін баса айтады. Осындай «ұлтым» деп ұлың болса, «ұлым» дейтін ұлтыңның болары хақ.

Тіл – бұлақ секілді. Қайнарынан мөлдіреп мол ағып жатса құмарың қанғанша ішіп, шөлің қанар. Тартылса, әлің құрып, адамдық болмысыңнан айрылып, құруға барарымыз ақиқат. Сондықтан да, тілді құрметтеп, оған мемлекет тарапынан үлкен дәрежедегі қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өз жерімізде өз тілімізде еркін сөйлей алма, өзге тілге жалтақтап өмір сүруді доғаруымыз керек. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деп текке айтпаған шығар атам қазақ.

«Қазіргі қазақ тілі — небір керемет философиялық толғаныстарды да, күрделі терең ойларды да, қылдан нәзік, жібектен биязы, аяулы сезім-тебіреністерін де емін-еркін әсерлі жеткізетін көсілмелі, кең құлашты көркем тіл, “толқынын жүрегінің хаттай танытар” ғажап тілдердің бірі. Бұған барша қазақ баласы мақтана алады» деген екен Мұзафар Әлімбай. Олай болса, жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, еркін самғауға талпынып келе жатқан ана тілім туралы ойларымды жинақтай келе мына өлең шумақтарымен аяқтағым келеді:

Ұлт болам десең ұрпағың етер мақтаныш.

Дінің мен ділің, қасиетті тілді сақтаңыз.

Рухы мен тілі мықтырақ болса мәңгіге

Сол кезде атар Алаштың алтын ақ таңы!

Смайылова Саягүл Сайлауқызы,
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
П.Корниенко атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығы
Қарағанды облысы, Абай ауданы, Топар кенті

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*