Home » Айтарым бар » Ұлттық дәстүрмен аталған «Енші» бағдарламасы

Ұлттық дәстүрмен аталған «Енші» бағдарламасы

Жуырда «ЕНШІ» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының БАҚ өкілдеріне арналған таныстырылымы өтті. Атауының өзінен-ақ, бұл бағдарлама Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп-насихаттауға өзіндік серпін береді. Бұл – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының» тапсырысы бойынша дайындалған жоба. Негізгі авторы – «MEDIA PROMOTION-Z» компаниясы. Бұл компанияны «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» десек артық болмас. Себебі, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы» Ақпарат және мониторинг бөлімі басшысы Бақытқызы Мөлдірдің айтуынша, Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, аудиториясын кеңейту мақсатында, әсіресе, жастар арасында жүргізіліп жатқан интеллектуалдық сайыстар азайып кеткен. Жөн-ақ, көгілдір экраннан көрерменге жол тартқан бағдарламалардың көбісі салмағы жеңіл жобалар. Ал танымдық тұрғыдан дамытатындай телебағдарламалар аз. Сол себепті де таным мен теорияны ұштастыра отырып балалардың, оның ішінде 10 мен 11-сынып оқушылары және 1-2 курс бакалавр студенттері қатысатын «ЕНШІ» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасы көрерменге жол тартты. Еліміздің жеті ірі қалаларынан, оның ішінде аудандар мен ауылдардан мың бес жүзге жуық бала қатысуға ниет білдірген. Нәтижесінде арнайы іріктеуден «үздік» деп танылған 48 бала телебағдарламаға жолдама алған. Қазіргі таңда еліміздің басты арнасы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирінде көрсетілуде. Айта кетейік, он алты серия, төрт айналымнан тұратын жоба іріктеуі қалаларды аралаумен қатар, yenshi.kz сайтында онлайн форматы бойынша екі кезеңнен өтті. Бірінші кезең, бір минут ішінде сұрақтарға жауап берген болса, екінші кезең, Online Skype арқылы оқушыны жан-жақты тану болды. Яғни, ақыл-интеллектісі, білімі және өзін-өзі ұстау психологиясын қарастыра отырып іріктелген. Нәтижесінде «Талапай», «Тоғыз торап», «Жамбы ату», «Олжа» айналымдарында әртүрлі бағытта қойылған сұрақтарынан мүдірмей өтіп, ұлттық дәстүр атауымен аталған сайыстан озған білімді бала өз еншісін алып бір миллион теңге жеңімпазы атанады.

«Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының» пиар менеджері Жазира Әшірбек:

«Біз бәсекеге бейім нағыз ХХІ ғасырдың көшбасшысын анықтауға талпындық. Мұнда тек білім емес, ең бастысы өмір сүруге деген талпыныс. Өмірде сүрінесіз, құлайсыз, барлығы болады, ал осындай тығырықтан шығу үшін баланы біз кішкентайынан бейімдейтін болсақ нағыз азаматты тәрбиелей аламыз. Ойынға келсек, төрт айналым барысында ұпайлар жаңарып отырады, алдыңғы айналымдарда жинаған ұпайлар есептелмейді. Яғни, өмірде де солай. Сіз бүгінгі болмысыңызбен, бүгінгі жетістігіңізбен тоқтап қалмайсыз. Ертең сіз әлде де көтерілуіңіз керек, одан да жоғары жетістікке жетуіңіз керек. Тағы да нәтиже көрсетуіңіз керек. Сонда ғана сіз абыройыңызды сақтап қала аласыз. Меніңше, бұл – ойынның басты идеясы».

Зияткерлік сайыстың ең басты қаңқасы – формат десек, сол форматтың өзін қалыптастыруға алты айдай уақыт кеткен. Ал, зияткерлік сайысының саундтрегін белгілі әнші, эстрада жұлдызы Құрмаш Маханов тізгіндеді. Жоба авторының айтуы бойынша, түрлі жобалар зерделеніп «Енші» бағдарламасының форматы қалыптасты. Мәселен, Бельгиядағы, Франциядағы, Голландиядағы форматтар, сондай-ақ, Азия елдерінде Үндістан мен Қытайдың форматтарына көз жүгірте отырып, ішіндегі ең пісілген, жақсы деген ұғымдарды бір саралап өтіп, жалпы алғанда өзіміздің қазақ тілдік мазмұнына байланысты және қазақ тілді балалардың дайындығына қатысты ақпараттардан құрылған.

«MEDIA PROMOTION-Z» компаниясының директоры, «Енші» бағдарламасының жетекшісі, продюсері, идея авторы Қойшыбаев Нариман: «Әрине, жобаға қызыққан, қатысуға ниет білдірген жастарымыз өте көп болды. Олардың ішінде, осы «Енші» жобасындағы қызықты сәтін айтсақ, аймақтық іріктеуде он төрт жасар бір бала өте мардымды, жақсы жауап беріп бірінші турдан өтті. Бұл деген, интелектуалды тұрғыда өте жақсы дамығанның белгісі. Ал екінші турға өтпей қалды. Неге? Нақты эмоционалдық, психологиялық дайын болу керек. Жалпы, идея осыдан бір жыл бұрын ойға келді. Бұл сайыстың ерекшелігі – сіз өзіңіздің қарсыласыңызды өзіңіздің тобыңызға алып келіп тұншықтыра аласыз. Яғни жеңе аласыз. Менің ойымша, ең басты ерекшелігі осы».

Оқырмандар мен көрермендердің назарына «Енші» жобасының ақтық мәресі келер жылдың Наурыз айына жоспарланған. Ал, «ЕНШІ» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының таныстырылымына қатысушы журналистер мен блогерлерге арнайы ұйымдастырылған сұрақ-жауап байқауының жеңімпаздарына зияткерлік танытқаны үшін диплом және бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, Астана радиосының журналист-редакторы Жанат Қабылдаұлы І дәрежелі дипломмен, «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайтының тілшісі Ерқазы Сейтқали ІІ дәреже, ІІІ дәрежеде республикалық «Білім айнасы» газетінің журналисі Жансая Мұстафина марапатталды.

Мұстафина Жансая Алибекқызы,
Білім айнасы,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*