Home » Мақалалар » “Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында”

“Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында”

Қазақтың ғұлама ғалымы Ж. Аймауытов айтқандай: «Сабақ беру – жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» дегендей, бүгінгі оқыту жүйесінде әр түрлі инновациялық технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде.

«Инновация» деген сөз – латынның «novus» жаңалық және «in» енгізу деген сөзінен шыққан, ал оның қазақша аудармасы «жаңару, жаңалық, өзгеру» деген мағынаны білдіреді.    «Технология» гректің «teche»- өнер, шеберлік және «logos»- ғылым  деген сөзінен шыққан, яғни «шеберлік туралы ғылым» деген мағынаны білдіреді.

Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», « Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Оқытудың тиімді жолдары оқытудың әр түрлі әдістері арқылы анықталады.

Т.И.Шамова, П.И.Третьяковалардың еңбектерінде «Инновация дегеніміз – жаңа мазмұнды ұйымдастыру, яғни жаңалық енгізу, әдіс-тәсілі мен технологиясын қамтитын құбылысты түсінеміз» делінген.

«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, ал шебер қолдана білу –өнер» деген халқымыздың қанатты сөзі сындарлы тәсіл теориясымен астасып жатқандығы.

Технология мен әдіс-тәсілдің ара-жігін ажырату да қарапайым мұғалім үшін кейде қиын болып жатады. Қазіргі оқытудың басты талабы – сабақтың сапасын арттыра отырып сабақ түрлері мен әдістерін танымдылық, білімділік деңгейге жеткізу.

Осы мақсатта сабақ өту әдістерін толықтырып, әр уақытта ізденісте боламын. Қазіргі уақыт талабына сай біз де өз сабақтарымызда жаңаша ұйымдастырып, өзіндік тың ізденістерге талпынып отырамын.

Сабақ өткізу барысында оқушыларды халық педагогикасы негізінде тәрбиелеп, оқушылардың сабаққа қызығуын арттырып, сабақ беру әдісінің тиімді түрлерін пайдаланып келемін. Біз қолданатын сабақтың жаңа түрлері де сабақтың мазмұнына, мақсатына, жүру барысына қарай

дамытпалы саяхат сабақ, ертегі сайыс сабақ, ойын, жарыс сабағы, аралас сабағы, тест әдісімен өткізіліп келеді. Қазақ тілі пәні сабақтарын ойын түрлері арқылы оқушыларды тапқырлыққа, ізденімпаздыққа, ой белсенділігін арттыруға бағыттаймын. Мәселен, қазақ халқының киелі сандарымен таныстыру: 3,5,7,9,12,30,40. Бұл сабақта 7 санының қасиетті екенін түсіндіріп, ұқыптылыққа, сыпайылыққа, ұжыммен жұмыс істеуге тәрбиелеу көзделеді. Сабақ көрнекілігіне 7 басты жылан, аты жазылған кәртішкелер, 7 жолақ, ғажайып алау барабаны, жануарлар суреті пайдаланылады.

Алдымен сабақтың тақырыбы, мақсаты түсіндірілді және бұл әдеттен тыс ойын сабақ болатынын, септіктерді қайталау, пысықтау керек екенін айтамын.

1. 7-ге байланысты: жеті жетім, жеті қазына, жеті жұт, жеті ата, жеті теңге беру туралы әңгімелеу.

2. Поэзия минуты. Өлеңдер оқылып, кімнің өлеңі екенін айтады. Асты сызылған бір сөзді 7 деп есептейді.

3. Сергіту сәті. 7 күнді атау. Сол күнді септеу.

4. «Жеті жолақ» ойыны арқылы жаттығулар орындалады

5. «Ғажайып алаң» ойыны. Үй жануарларына жататын сөздерді септеу.

6. «Адасқан септіктер» ойыны. Септік атаулары жазылған ,7 бала тақтаға шығады. Сөздеріне қарай оқушылар қай септік екенін табады.

Күнделікті жоспардағы сабақтан гөрі мұндай сабақтар оқушының есінде ұзақ сақталады, ой-өрісі кеңейеді. Ойлау қабілеті дамиды, сабаққа қызығуы, белсенділігі артады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту барысында ауызша, жазба дағдыларын меңгерту көзделеді. Бұл сабақта көрнекіліктерді көру арқылы балалардың есте сақтау қабілеті артады, әрі көп бала сабақта белсенділік танытады. Сабақты кестеде жазылған септіктерді оқыту арқылы қорытындылаймын. Әрине, әр жылдың мезгілдеріне байланысты ойындарды өзгертіп түрлендіруге болады.  «Үндемес бағдаршам», « Оң қол»,  «Сол қол» ойындары. Бұл ойындардың балалардың пәнге деген ынтасын арттыратыны даусыз.

Жалпы білімдік пәндер бойынша В.Ф. Шаталовтың ұсынған әдісі негізінде тірек-конспект, диаграмма, график, логикалық тірек-сызба арқылы теориялық материалдарды блокпен оқытып, дамыта оқыту технология әдістерін қолданамын. Біріншіден, үздіксіз білім алуға жағдай жасап оқыта отырып дамытуға, екіншіден, өз бетінше білім жинақтауға шығармашылықпен жұмыс істеп өмірге бейімделуіне ықпал жасаудамын.

Жаңа технология жүйесінде проблемалық және іскерлік ойын арқылы оқытудың да маңызы аса зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге қызығуын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды женуге тәрбиелейді.

Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы 3 кезеңнен тұрады.

1-кезең. Дайындық (рөлдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын-ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау).

2-кезең. Ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау).

3-кезең. Қорытындылау (проблемаларды шешудің тиімді  жолдарын іздестіру).

Соңғы кезде оқу үрдісінде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып, мектеп өміріне енгізіліп жатыр. Олар : Лысенкованың алдын ала оқыту, Шаталовтың интенсивті оқыту (тірек сигналдарын пайдалану арқылы), Эрдниевтің ірі блоктап оқыту, мәселелік оқыту, оқытудың белсенді әдісі. Ал соңғы жылдары оқытудың модульдік технологиясы мен В.М. Монаховтың, Дьяченконың оқытудың ұжымдық тәсілі, сондай-ақ , профессор Ж. Қараевтың оқытуды дербестендіру мен ізгілендіру ұстанымдарына негізделген жаңа педагогикалық компьютерлік технологиясы мектептерде осы жұмыстарда қарастырылған оқытудың педагогикалық технологиясын оқу- тәрбие үрдісіне оқытудың жаңартылған жүйесінің жобасы ретінде енгізетін болсақ, онда білімді демократияландыруға және ізгілендіруге оқыту сапасын арттыруға;басқару сапасын жетілдіруге; оқушылардың дамуына бақылау жасауға;соған сәйкес бағалауға болатыны ғылыми негізде дәлелденіп отырғаны ақиқат.

Мәселен, Л.В. Занков, Д. Б. Элконин, В.В Давыдовтың бірлесе жасаған «Дамыта оқыту жүйесі» бір- бірімен тығыз байланысты әрі мынадай ұстанымдардан құралады:

1. Жоғары деңгейдегі қиындықты оқыту.

2. Теориялық білімнің жетекші ролі.

3. Оқу материалын  жетелдете оқыту.

4. Оқу үрдісін оқушының сезінуі.

5. Барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.

Л.В. Занковтың  оқыту жүйесінде оқушы өзін емін- еркін сезінеді, оның әлеуметтік мүмкіндігі мен дербестігінің дамуына жағдай жасалады. Осы жүйеде оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынастың іргетасы қаланады.

Мұғалім түсіндіруші, оқытушы тұрғысында емес, оқушының  оқу әрекетін ұйымдастырушы, бағыттаушы ретінде көрінеді.

Өз тәжірибемде оқыту барысында қойған мақсатым – баланы субьект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның бастысы- оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу үрдісінде бірлесе әрекет ету.

Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы жүзеге асады. Мұғалім – ұйымдастырушы, бағыт беруші.  «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан дамыту» СТО бағдарламасының қазіргі таңда білімді, білгенін өмірге пайдалана алатын шәкірт тәрбиелеуде алатын орны ерекше.

Сын тұрғысынан ойлау стратегиясы бойынша жүргізілетін жұмыста оқушылардың өз бетінше тұжырым жасау, қорытынға келу, ұқсас

құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білу, проблеманы шеше білу, пікірталасты жүргізе білу қабілеті қалыптасады.

Жаңа әрі пайдалы ізденістердің бірі қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қолданылып жүрген әдістердің бірі – «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясы. Бұл технология оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады, ойлау белсенділігін, тапқырлығын, өзіне деген сенімділігін, іскерлік дағдысын қалыптастырады. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, оқушылардың өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді.

Жалпы айтқанда, «Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау» стратегиясы сабақты жоспарлауда өте тиімді. Мұнда оқушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады.

Сын тұрғысынан ойлау жобасы мынадай үш құрылымнан тұрады:

– қызығушылықты ояту;

– мағынаны тану;

– ой толғаныс.

Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Соңғы кезеңде оқушы өз шығармашылық қабілетін таныта алады.

-Модульдік оқыту технологиясы;

– Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы;

-Дамыта оқыту технологиясы;

– Тірек- сызба технологиясы;

-Проблемалық оқыту технологиясы;

-Ойын арқылы оқыту технологиясы;

-Өздігінен даму технологиясы.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың таным белсенділігін арттыру, қазіргі қоғам талабына сай ой-өрісін дамыту, шығармашылығын кеңейту, дамыту, терең білімді, бәсекеге қабілетті тұлғаны жасау, заман сұранысына сай ізденімпаз тұлғаны қалыптастыру.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:

1.Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;

2.Сабақты түрлендіріп өткізу;

3.Сабақта оқушылар өздері жасаған суреттер, схемаларды пайдалану;

4.Техникалық құралдарды тиімді қолдану;

5.Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету

Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу – адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Сөйлесу тек адамға ғана тән. Адам баласы бірнеше тілде сөйлеседі.

Жер бетінде бар адамзат тілдерін күнделікті өмірдегі қарым- қатынас барысында үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады.

Қазақстан Республикасының  мемлекеттік бағдармаларының негізгі талабы – мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу .

Орыс мектептерінде өтілетін қазақ тілі сабақтарының мақсаты – оқушылардың сөздік қорын дамыту, оқу техникасын қалыптастыру, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрлысын меңгерту, қазақ тіліне тән дыбыстарын айтып, сөз ішінен ажырата білуге үйрету.

Бүгінгі таңда оқу процесінде оқытудың қалыптасқан негізгі әдістері мен қатар оқытудың жаңа әдістері, яғни инновациялық әдістері де  жиі қолданылады. Мысалы: қалыптасқан әдістер:

а) сұрақ-жауап;

б) суретті немесе көрнекілікті пайдалану;

в) аударма

г) сөйлем және сөзді толықтыру;

д) мәтін бойынша әңгімелесу;

е) тест сауалдарымен жұмыс;

ж) мақал- мәтелдер жарысы;

з) өлең, тақпақтар жарысы т.б.

Жаңама жаңғыртып оқыту әдісі

а) пікірсайыс (дебат) әдісі

б) коммуникативтік әдісі

в) драматизация әдісі

г) іскерлік әдіс

д) видео (бейне) арқылы сабақ беру әдісі

е ) жобалы сабақ өту әдісі

ж) саралап оқыту әдісі т.б.

Оқу процесінде оқытудың озық технологиясын қолдану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Күтілетін нәтижелер: – пәнге  деген қызығушылықтары мен белсенділігі артады; – шығармашылық жұмыстар арқылы ойын дамытады; – өздігінен іздене алады, ғылыми зерттеу жұмыспен айналысуға көмектеседі; – өзіне деген сенімділігі қалыптасады; – жалпы алғанда оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейі артады.

«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» – деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай, жүрегі – Қазақстан деп соғатын, нәтижем – шәкіртім деп түсінетін ұстаздар жаңалықтан қалмай, өз ісін адал атқаруға талаптанады. Болашақ есігін еркін ашып кіретін, рухани жан дүниесі бай, сыни көзқарастары өскен, белсенді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар қауымының басты міндеті.

Г.Бокль «Шынайы білім фактілерді білуден емес, оларды дұрыс қолдана білуден құралады» дегендей, теориялық білімімізді тәжірибеде дұрыс, тиімді қолдана білу – мұғалім мұраты.

Қорыта айтқанда, оқыту процесінің нәтижелі болуы оқытушының сабақ беру шеберлігіне, сабағын қызығылықты жүргізіп, зейін қойдыра білуіне, оқушылардың өздігінен білім алуға үйренуіне байланысты. Қандай да болмасын жаңа әдіс-тәсілдер әрбір оқушының өз бетімен оқып үйренуіне сенімін ұялатып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, қорытынды жасай алуына, сөйлеу мәдениетінің өсуіне ықпал етеді, білім сапасын арттырады.

Оқыту технологияларын сабақта қолдану оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймайды, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияның элементтерін қолдану. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. 2015, №5, 14-22-б

2. Инновациялық технологиялар арқылы функционалдық сауаттылықты көтерейік. Қазақстан мектебі.2014,№9, 17-19-б

3. Оқушыларды сын тұрғысынан оқыту тәсілдері. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. 2015, №3. 11-14-б

 

Ысқақова Ләззат Мұқашқызы

Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі,

«Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназиялық

сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебі» ММ

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*