Home » Жазу » Менің үлкен және кіші Отаным!

Менің үлкен және кіші Отаным!

(Идеясы: кішкентай Отаннан ұлы Отанға – туған еліне, Қазақстанға деген сүйіспеншілігі басталады)

Отан… Бұл сөз — әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз.   Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші? Отан – бұл біз тұрып жатқан  жер. Отан деген – сенің туып өскен, кіндік қанын тамған жер, ата – анаң, досың. Отан- бұл біздің ата- әжеміз, әке-шешеміз, туыстарымыз. Әрбір жанға өзінің отбасы, туған-туыстары, жолдастары ыстық болса, «Отан» да адам баласына солай да ыстық. «Отан» десе адамның жүрегі езіліп, онан алар орны тым ерек болады. Мен үшін Отан – құндылықтарды, материалды тасымалдаушы емес. Бұл — жан сезімі! Сенің әрқашан оймен болса да оралғың келетін жердің рухани бұрышы. Мен оның шексіз болғанын, менің кішкентай және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын. Мен әрқашан да Қазақстанда тұратын адамдарға жанымның жылуын, жүрегімнің отын сыйлауға дайынмын. Мен өз Қазақстанымды қалай жақсы көрмеймін? Мен өз Отанымды қалай мақтан тұтпайын? Ол мені өз құшағына алады, әрдайым жылулық сыйлайды. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» – деген мақал бар. Отан – бұл менің  Қазақстан Республикам, менің Астанам. Отанына деген сезім – әр азамат үшін ең маңызды сезім. Оны алуан шығармалар, өлеңдер, суреттер арқылы сезінуге болады.

       Менің Отаным – Қазақстан. Отан дегеніміз туып өскен жерің. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным — сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке — Қазақстан. Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған даусы құлағыма келеді. Қазақстан — Қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған. Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да Қазақ жерінің топырағында тұнып жатыр. Өйткені Қазақстан — менің атамекенім. Атамекен деген — туған тіл, ата салт-дәстүр, еліңнің тарихы, байлығы, мектебің, үйің – бәрі-бәрі сонда. Ал бұларсыз өмір сүру мүмкін емес. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны өткенімен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Жер Ана, атамекен, туған жер, ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас, әрі тағдырлас. Әрбір адамзат баласының туған жері бәрінен де қымбат. Себебі, кіндік кескен жерінде өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстайды, табиғатымен біте қайнасып адам болып қалыптасады.

Біздің Қазақстан өте бай, табиғаты әр түрлі болса да әдемі. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені мен  әрқашан да мақтан тұтамын. Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық» – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау — әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өтсе де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс.

Қазақстан — тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Қазақстанда дүниеге келіп, осында өсіп жатырмын. Қазақстан жер көлемі жағынан Дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында. Кең байтақ жеріміз біз үшін мақтанышқа тұрарлық. Қазақ елінде 18 млн-ға жуық халық тұрады. Қазақстанда 150-ге жуық өзге ұлт өкілдері өмір сүреді. Бұл нәтижеге жүгіне отырсақ, Қазақ елі өзінің жері сияқты кең пейілді, қонақжай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел екеніне көз жеткізуге болады. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Сондықтан да оның өз әнұраны, президенті, рәміздері бар. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғандықтан өзінің ұлттық валютасы – теңге бар. Қазақ елі өте дамыған мемлекет. Оны басқа шетелдіктер де мойындаған. Себебі, Қазақстан дами түсті, көркейіп, өз экономикасын жақсартып, ішкі-сыртқы саясатын дұрыстады. Қазақ елінің ұлан байтақ жері былай тұрсын, табиғаты мен өнеркәсіп жөнінен ерекшеленеді. Қазақстанмұнай мен газ, химиялық өнеркәсібі өте бай ел. Көмір де қазып алынады. Химиялық өнеркәсіптен алтын, күміс, темір, мыс, қорғасын, мырыш және т.б бар. Пайдалы қазбалардан негізінен ванадий, скандий, теллур алынады. Қазақстан өзге шетелдіктермен саудаласып, экономикасын дамытуда.

Отанымызды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы. Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған кішкентай Отан. Отбасы үлкендерді құрметтеуге, кішілерге қамқор болуға тәрбиелейді. Сүйіспеншілікті сезінуге үйретеді, жақсылыққа жетелейді, еңбектенуге, білім алуға көмектеседі. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-анасы. Бұлар балаға отбасылық өмірдің қыры мен сырын, тынысын, дүниенің жұмбақтарын танытып, жағымды қасиеттерге баулиды. Себебі, отбасы – таным бесігі, отбасы – үлгі-өнеге бастауы. Өйткені, қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бала отбасында “Әкеден ақыл, анадан мейір алады”. Әке – асқар тау болса, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасындағы құрақ. Осы бір үш сөз әке, ана, бала – отбасы ошағының үш тағаны іспеттес. Әрбір отбасында тәрбиеленіп келе жатқан жас ұрпақ ата-ана алақанының жылылығын, жүрегінің мейрімділігін көріп, біліп, сезініп өсуі қажет. Осындай сезімдерге бөлену үшін ата-ана арасындағы ыстық махаббат берік болса болғаны. Ұрпақты тәрбиелеуде ата ананың алар орны ерекше екендігін айта кеткім келеді. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген дана сөз де бекер айтылмаса керек.

Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әр түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер…еңбектенуде.. Адамзат баласының татулығына ұмтылуы әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған.  Бұл қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын қазақ халқының мінезінен жаралған. Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы. Мен туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады деп ойлаймын. Мен оның шексіз болғанын, менің кішкентай және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын. Мен қандай бақыттымын, өйткені сен барсың – менің Отаным Қазақстаным!

Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те, ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М. Шәбжантайқызы. А. Байтанұлы. М. Төлегенқызы  «Ауылым-алтын бесік» Көкшетау -2003
  2. Мұхтар Шаханов. «Жаңа қазақтар». А., «Білім», 2000ж

Туримова Б.И.,

№ 1 мектеп-гимназия

бастауыш сынып мұғалімі,

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*