Home » Сол мектептен шыққанбыз » Мектеп – білім бұлағы

Мектеп – білім бұлағы

Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында СҚО, Қызылжар ауданы, «Бәйтерек» ауылында жас ұрпақты тәрбиелейтін білім ошағы «Бәйтерек» орта мектебі бой көтерді.

Құрметті Сяудат Ермашқызы, мектептің ашылуы туралы айтсаңыз?

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, елдің болашағының көркейіп, гүлденіп, одан әрі дамып, өркендеуі білімді ұрпақтың қолында. Яғни, біздің бүгінгі бүлдіршіндер мен жас ұрпақтар қолында. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Бәйтерек ауылында жаңа талапқа сай мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектеп ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты, көптен күткен үлкен жаңалық болып отыр. Мектеп 300 орынға шақталып, 2016 жылы 1 қыркүйек күні облыс әкімі Е. Сұлтановтың қатысуымен салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Мектептің бірлестік ұйымдары «Ұрпаққа сапалы білім, заманға сай, әлемдік бәсекеге қабілетті, талантты жастарды дайындау – ортақ міндетіміз». Сондай-ақ, мектепте заманауи жабдықталған кітапхана, тамақтануға жайлы асхана, үлкен, жарық көрермен және спорт залдары, компьютер сыныбы, интерактивті тақталар орнатылған кабинеттер жұмыс істеуде.

          Мектеп ұжымын жасақтау қиынға түспеді ме?

Онсыз болмайды ғой. Бүгінгі таңда Бәйтерек орта мектебінде жоғары санатты 8 маман, бірінші санатты 18, екінші санатты 7, ал 6 жас мұғалім қызмет істейді.

Мектептегі тәрбие жұмыстарының салмағы қандай дәрежеде?

Ұжымымызда білім берумен қатар жоспарға сәйкес әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар, оның ішінде «дөңгелек үстелдер», аналар кеңесі, әкелер кеңесі, қолөнер шеберлері, салт-дәстүр насихаттаушылары өз кеңестерімен бөлісіп, жас ұрпақтың игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Оқушылар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан тарихы», «Бабалар мұрасы» тақырыптарында шығармалар жазды. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы дала елі – 25 основ Независимости» сияқты іс-шаралар өткізілді. Қазақстанның тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған «25 жұлдызды сәт» атты республикалық акциясына «Елімнің басты заңы», «Рәміздерсіз мемлекет жоқ», «Мен азамат болғым келеді!», «Біздің Президент – елдің таңдауы», «Отбасылық құндылық», «Зиянды әдеттерсіз болашақ», «ЭКСПО – 2017: болашақ технологияларға көшу» кітап көрмелері ұйымдастырылды.

           Кітапхананың оқу залында тәрбиелік жұмыстың негізгі бағыттары бойынша кітап көрмелері жасалып, көпшілікке арналған шаралардың түрлері жинақталған: «Ана тілін ардақтайық», «Тіл көңілдің кілті», «Бір ел – бір кітап», «Мәңгілік ел болашағы – білімді ұрпақ!», «Тәуелсіздік елімнің ерлік жолы», «Аққайындар елі» сынды іс-шаралар өтті.

             Сіз бір сөзіңізде аналар және әкелер кеңесі бар дедіңіз. Бұл кеңестердің пайдасы қандай?

Кеңестің мақсаты қыз балаларға саналы тәрбие беріп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, болашақта келін, асыл жар, аяулы ана болып өсуіне ықпал ету. Сонымен қатар аналар кеңесі жыл бойына «Қыз өссе – елдің көркі», «Отбасылық құндылық», «Менің мәдениетім», «Қыздар- аналар», «Менің Отаным – менің қуанышым» сынды тақырыптарда қыздармен темекі шегудің, ішімдіктің, есірткінің зияны туралы әңгімелер өткізіп, ақыл-кеңестерін айтып отырады.

            Бір ғана жылдық тарихы бар мектеп тағы қандай жұмыстар атқарып жатыр. Бүгінгі таңда мектепте мұражай ашу жұмыстары қолға алынған. Бәйтерек ауылының тарихын зерттеп, қазақ халқының жәдігерлерін жинау жұмысы жүргізілуде.

          Қоғамдық жұмыстарға қаншалықты қатысасыздар.

2016-2017 оқу жылында жалпыға міндетті оқу қорынан, көпбалалы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасылардағы 48 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Мектеп ішіндегі «Аялы алақан» акциясында мұғалімдер қолдан келгенше қайырымдылық көмек жасап жатады.

         Мектепке ел сыйлайтын азаматтар қол ұшын беріп тұратын шығар?

Ел сыйлаған құрметті азаматтар қонақта болып тұрады. Атап айтсақ, жазушы, журналист Ж. Сүлейменов, ақын Ж. Төлегенов, ақын А. Зағыпар келіп оқушылармен дидарласып, кездесіп, өз кітаптарын сыйға тартты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ашық есiк күнi аясында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова Солтүстiк Қазақстан облысына келдi. Жұмыс сапары біздің Қызылжар ауданымыз Бәйтерек ауылына ат басын бұрды. Онда Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов пен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова мектептiң жарақтандырылуымен танысып, информатика кабинетiнде, «Айбөбек» және «Балдырған» топтарында 30 бала тәрбиеленiп жатқан «Аружан» шағын орталығының жұмысымен танысты.

           Жаңа ашылған мектеп болған соң талап та мол шығар. Жалпы оқушылардың білімге деген құштарлығы қандай? Қалай ойлайсыз?

«Бұрын балалар Бескөлге баратын, қазiр олар ауылда оқуға мүмкiндiк алды. Балалар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейiн мектепте болады. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – деген еді Ыбырай Алтынсарин, сол айтқандай біздің мектепте де жоғары санатты оқытушылар баршылық. Мысалы, Айжеркенова А.А., Ахмедов.К.К., Ельжасова.А.Е., Халал Ерған, Шалабаева Р.К., Көксеген Дария, Жамалиева Д.Б., Мукатанова.У.Д, Ахмедиярова.А.К., Тулебаева.Г.Р., Тулегенов.А.Ж., Тупенов.Т.Қ, Баян Ғазызқызы, Садвокасов Ж.К., Айдабасунова Ғ.А., Бейсембаева Р.Р. және жастардан Малгаждар К.Ж., Шериматова Б.А., Аубакирова А.Т., Қайсар Жадыра, Кусаинов С.М., осындай ұстаздардың еңбегін ерекше атауға болады.

Бір жыл, әрине, аз уақыт. Дегенмен сапалы білім уақытты күтпейді. Жетістіктеріңіз көп пе?

Аудан, облыстан және Республикалық олимпиадалардан орын алған оқушылар бар. Физика пәні бойынша Уразалиева Жанат, Ахметова Снежана, биология пәнінен Қасимов Бауыржан, Қуаньшев Байжан, орыс тілі пәнінен Исраилова Петимат, тарих пәнінен Ахмедова Надира, Арыстанбеков Нурдаулет, еңбек сабақтарынан Бәйқадамова Мадиналар мектеп мақтанышы. Республикалық ғылыми зерттеу жұмысы сайысынан Тұрсынқулов Рахман ІІ орын алды.

Ал, спорттық жарыстар бойынша да оқушыларымыз облыс көлемінде І, ІІ, ІІІ орын иеленді. Республикалық «Кубка севера» байқауынан Кеулимжаев Наурызбай І орын иегері. Оқушылар арасындағы Волейболдан Республикалық турда І орынды Жусупова Даяна жеңіп алды. Смаилов Дияс болса Республикалық турнирдың жекпе – жек спорты бойынша І орын жеңімпазы болды. Халықаралық турнирден Арыстанов Арман, Мейрамов Ермахан Греко – рим күресі бойынша бас жүлдені иеленді.

Әдемі әңгімеңізге рахмет. Жас мектепке бас болып отырған Сіздің жұмысыңызға табыс, ұжымыңызға қажымас қайрат тілеймін! Терезесі тең, керегесі кең мектептердің қатарына қосылуға Алла нәсіп етсін.

 

Әңгімелескен КӨКБАСҚЫЗЫ Жазира

Білім айнасы

Солтүстік Қазақстан облысынан

Facebook арқылы пікір жазыңыз

One comment

  1. Меруерт

    Жаңа мектептердің болашағы зор болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*