Home » Сол мектептен шыққанбыз » Сан түлекті самғатқан алтын ұя

Сан түлекті самғатқан алтын ұя

Ақтау қаласында ашылған ең алғашқы қазақ мектебі – №11 мамандандырылған физика-математикалық мектебіне биыл 40 жыл болды. Осы жылдар ішінде мектеп облысымыздың білім беру саласының дамуына зор үлесін қосып, мыңдаған шәкіртті ұлттық рухта тәрбиелеп, сапалы біліммен сусындатып, түлетіп ұшырды. 4 қараша күні білім ордасының 40 жылдығына арналған «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» атты мерекелік кеш болып өтті.

Мерекелік кешке осы мектептің өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагер ұстаздар, білім шаңырағынан түлеп ұшқан түлектер, білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар және білім ордасының ұстаздары қатысты. Кешті мектеп директоры Гүлзада Еңсегенова ашып, құттықтау сөз сөйлеп, оқу ошағының әр жылдардағы басшыларын сахна төріне шақырды. Мектептің алғашқы директоры марқұм Бақтыкерей Қошановты құрметпен еске алып, 1 минут үнсіздік жариялады.

Мектепті 1985-1995 жылдары басқарған Аманбек Дощанов мерекелік шараға арнайы келіп қатысып, өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Білім ордасының 1995-2003 жылдардағы басшысы Бақтығали Сәрсенұлы сол кезеңдегі егемендікке қол жеткізгеніне аз ғана уақыт болған ел жағдайына, білім саласындағы қиындықтарға тоқталып, қандай қиын жағдайда да мектептің еңсесінің әрдайым биік болғандығын айта келе, сол биіктікті ұстап келе жатқан бүгінгі мектеп ұжымына ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған мектепті 2003-2010 жылдары басқарған Светлана Қалиева мен оқу ошағының 2010-2013 жылдардағы басшысы Айбаршын Өтесбаева да мектептің өткеніне көз жіберіп, келешегіне жетістік тіледі.

Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева №11 мамандандырылған физика-математикалық мектебінің облысымыздағы таңдаулы мектептер қатарында екенін айта келіп, білім ордасының бірнеше ұстазын басқарманың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Индира Жұмағалиева осы білім шаңырағында жұмыс істеген жылдарын сағынышпен еске алып, ардагер ұстаздарға тағзым етіп, мектеп ұжымына ризашылық сезіммен ақ тілегін арнады. «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ Ақтау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Боранбаева мектеп ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да мектептің алдыңғы шептен көріне беруіне тілектестігін білдірді.

Мектептің іргетасының қалай қаланғанынан бастап, жүріп өткен жолын көз алдымызға әкелген ардагер ұстаз Салиха Ыдырысованың керемет естелігінің әсерлі болғаны соншалық, зал сілтідей тынып тыңдады. Әр жылдарда болған оқиғаларды, әріптестерінің аты-жөндерін жатқа айтып тұрған 91 жастағы қарияның жадының мықтылығына тәнті болдық.

«Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» демекші, бұдан соң сөз алған мектеп түлектері өздерінің жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерінің барлығы да алтын ұя мектептерінің, аяулы ұстаздарының еңбектерінің арқасы екенін айтып, алғыстарын жеткізді.

Өткен күндер естелігінен сыр шертіліп, әсем ән мен ағыл-тегіл ақ тілектер ақтарылған, шат-шадыман көңіл күйге бөлеген әсерлі кеш соңында келген қонақтарға қонақасы берілді.

 

Роза Жүсіпова

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша

педагог қызметкерлердің біліктілігін

арттыру институты қызметкері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*