Home » Білім және тарих » Тәуелсіздік – ежелден ел тілегі

Тәуелсіздік – ежелден ел тілегі

sdc12644

Өткен күннен алыс жоқ,
Келер күннен жақын жоқ.
(қазақтың халық мақалы)
Тәуелсіздік – тәтті ұғым, қастерлі сөз.

Бұл – ешкімге, ештеңеге мұқтаж болмау, өзіңді өзге елдің тануы, өзге елмен терезеңнің тең, керегеңнің кең болуы. 1991-дің желтоқсанында халқымыздың ежелден тілеген еркіндігі, егемендігі бақыт құсындай қолға қонып, жайдары жаз туды. Сол уақыттан бері азаттықтың ашық аспаны астында өмір сүріп жатқанымызға жиырма бес жыл толғалы жатыр. Болашаққа деген жарқын сеніммен алға қарай нық қадам басып келеміз. Бізді бұл бақытқа жеткізген – ата-бабаларымыздың, аяулы арыстарымыздың еркіндік үшін күресте төгілген қаны, қыршыннан қиылған жаны, солардың жанқияр ерлігі! Бабаларымыз алып берген осы бақытты баянды етіп, егеменді еркін елдің еңсесін биікке көтере, тұғырын тұрақты болдырудың ізгі жолында тәуелсіздік тізгінін қолға ұстаған халқымыздың алғашқы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жадында ұстай, Абылайдың ақ жолын басшылыққа ала отырып, барлық қажыр-қайратын, ақыл-парасатын, іскерлігін танытты. Мемлекетімізді бүкіл әлемге паш етіп, өркениетті елдермен терезесін теңестірді. Бүгінгі таңда біздің елімізді әлемдегі барлық елдер біледі десем, артық айтпаймын деп ойлаймын. Ынтымақтас ел екендігімізді достастықтың сапарына жиі шығатын елбасымыз сендірді.

Өткен жиырма бес жыл еліміз үшін тарихи және маңызды оқиғаларға толы. Тәуелсіздік алғаннан бері көп нәрсеге қолымыз жетті. Бастысы, елдің мемлекеттігінің белгісі – мемлекеттік рәміздерін белгіледік. Көк байрағымыз көкке желбіреп, Елтаңбамыз еңсе тіктеп, Әнұранымызды асқақтата шырқайтын болдық. Ата заңымыз қабылданып, ұлттық валюта – төл теңгеміз дүниеге келді. Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлемге танылды. Бұрын Қазақстанды білмейтін, тіпті картасына енгізілмеген елдер оны танып, мойындай бастады. Тағы да бір мақтанарлық жағдай – Қазақстан халықтары Ассамблеясының дүниеге келуі. Бүгінгі таңда Ассамблея – жай ғана емес, өміріміздің ажырамас бөлігіне, бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың кепіліне айналды.

Егемендігіміздің арқасында еліміздің дарынды, талантты жастары әлемдік білім, спорт, тағы басқа түрлі сайыстарға қатысып, қазақ елінің атын шет елдерге танытып, биік жетістіктерге жетіп жатыр. Айта берсек, халқымыздың тарихында мақтан етерлік белестер, бүгінгі тіршілігінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Осы жетістіктердің барлығы – Тәуелсіздік туының желбіреуінің белгісі.

Қорыта келгенде, 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың 90-шы жылдарда анықтаған стратегиясының арқасында біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналып отыр. Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес. Меніңше, осындай халге жетуіміз Құдайдың бізге берген сыйы, мейірімі, аманаты деп есептеймін. Біз өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихын ерекше қадірлеп, сақтауымыз керек.

Келешек ұрпаққа да ақылымызды айтып, жеткізсек, біз де алып, мықты мемлекет бола аламыз. Еліміз керемет өзгеру жолында, бірақ біз ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Әрине, ең бастысы, жеріміздегі ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ыңтымақтастықты сақтай отырып, көптеген нәтижеге жете аламыз. Ел болашағы – барлығымыздың қолымызда, сондықтан біз Тәуелсіздік сияқты сыйды сақтау үшін бар күш-жігерімізді, білімімізді аямай еліміздің одан да үлкен жетістіктерге жетуіне үлесімізді қосуымыз керек.

Туған елім, Қазақстаным, әрқашан да жайнай берсін!

Қостанай облысы,
«Жітіқара ауданы әкімдігінің білім бөлімі»ММ
«№ 3 орта мектеп»КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалмім,
Ибрашева Нұрсұлу Сапабекқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*