Home » Бес сауал » Ел болам десең, бесігіңді түзе

Ел болам десең, бесігіңді түзе

Елімізде білім беру саласы тың жобалармен жаңғыртылып, жаңашылдыққа жаппай бетбұрыс жасауда. Өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейту, замана ағымына сай аталмыш жүйені бәсекеге қабілетті, жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің бұлтартпас талабына айналды. Алайда, осынау мақсат-мұраттардың алғышарттары ең алдымен, балабақшадан басталатыны даусыз. Сол себепті, көкейде жүрген сан алуан сауалдарымызды Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гүлбарам Біләловаға қойған едік.

         – Сәлеметсіз бе, Гүлбарам Ермекқызы? Жалпы, зиялы қауым кез-келген қоғамның даму көрсеткішін – ондағы білім беру саласының қызметіне қарап бағалауға болады, дегенді айтады. Сіз қазіргі білім беру жүйесінің сапалық деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Иә, келісемін. Білімді қоғам – мықты мемлекетті қалыптастырады. Ең бастысы – біз Тәуелсіздік ел атандық. Ғылым мен заманауи-технология, рухани жаңғыру үрдісі үздіксіз жан-жақты даму үстінде. Елімізде кез-келген жаңашылдыққа жеңіл икемделе алатын белсенді орта қалыптасты. Әлемге әйгілі тәлімгер тұлғаларымыз, білікті кадрларымыз да жоқ емес. Сондықтан, білім берудегі сапалық көрсеткіштің деңгейі жылдан-жылға артпаса, кемімегеніне сенімдімін.

–  Жауабыңызға рахмет. Өздеріңіз басқарып отырған Павлодар қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысы жайында аз-кем тоқтала кетсеңіз?

–   Бүгінде Павлодар қаласы бойынша мектепке дейінгі 100 білім беру мекемесі бар. Олардың 21-і – мектепке дейінгі шағын орталықтар. Қала бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100 %-ы және 2 мен 6 жас аралығындағылардың 87,6%-ы балабақшамен қамтылған. Балабақша жасындағы барлық 20 119 бүлдіршіннің 18 766-сы мемлекеттік, ал 811-і жекеменшік балабақшаларға барады. Сонымен қатар, жалпы орта білім беру мектептерінің жанынан ашылған шағын орталықтарда 1 353 бөбек тәрбиеленуде, олардың 2-еуі ауылдық жерлердегі орта мектептер жанында орналасқан. Қазір 5 мыңға жуық 2 жастағы сәби кезекте тұр. Мақсатымыз: оларды орынмен мүмкіндігінше, көбірек қамтамасыз ету. Келер жылы тағы да үш балабақша ашу қарастырылып отыр. Олар: осы уақытқа дейін басқа ұйымдар құзырында болған №55, 56, 57-ші балабақшалар енді кері қайтарылып, күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берілмек. Міне, сол ашылғалы отырған үш балабақша есебінен кезекте тұрғандардың саны тағы да 700-ге кемитін болады. Кейбір балабақшаларда балалар саны көбеюіне сәйкес, мемлекеттік сатып алулар артты.

–  «Үш тұғырлы тіл», «Мәңгілік ел» жалпыұлттық жобалары мектепке дейінгі білім  беру мекемелерінде қалай жүзеге асуда?

–  Өткен жылдан бастап, білім мекемелерінде бастау алған «Үш тұғырлы тіл», «Мәңгілік ел» жалпыұлттық бірегей жобалары мектепке дейінгі барлық білім мекемелерінде жұмыс жоспарының басты бағыты ретінде қарастырылған. Балабақшалар эстетикалық, танымдық, тіл дамыту бағыттарында жұмыс істейді. Онда түрлі тақырыптарда балалардың да, тәрбиешілердің де өзара және қалааралық іс-шаралары жиі өткізіліп тұрады. Кейде басқа облыстардан да үздік педагогтар шақыртылып, тәжірибе алмасып, әдістемелік көмек көрсетіледі. Бүгінде, №29, №35, №85, №115, №121 балабақшада өзге ұлт өкілдерінің балалары үшін жеке топтар ашылған. Күннің бірінші жартысында оқу-тәрбие жұмысы қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде ұйымдастырылса, екінші жартысында сабақ жоспары танымдық тұрғыда және ойын әрекеттері арқылы үш тілде еркін дамытылып отырады. Балаларының білім әліппиін ерте жастан көп тілде оқып, меңгеруін ата-аналар да құптап, қолдау көрсетуде.

–  Көрсеткіштері жоғары, қаланың бетке ұстар балабақшалары бар ма?

–   Қаламызда өзінің тәлімгерлік қызметін стандартты емес оқыту үрдісінде ұйымдастыратын, ең үздік мектепке дейінгі 5 білім беру мекемесі бар. Олардың ішінде: үйлесімділікті дамыту орталығы – № 96 балабақша, балалардың бойында эстетикалық дағдыларды қалыптастыру бағытында білім мен тәрбие негіздерін қалаушы – №126 және мектепке дейінгі гимназия – № 42 балабақшаларды ерекше атап өтуге болады. Мұндағы ұжымның жартысынан көбі жоғары санатты, білім беру сапасы жоғары, тәжірибелі ұстаздар. Бізде, бұдан басқа, жалпы оқу мен тәрбиелеу үрдісінен бөлек, санаториялық және мамандандырылған балабақшалар да бар. Санаториялық балабақшалар негізінен – өкпе ауруларын жұқтыруға бейім балалардың денсаулығын жақсартуға арналған, ал мамандандырылған балабақшалар – сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы кешеуілдеген және көру қабілеті нашар балаларға арналған. Сондай-ақ, № 82 сәбилер бақшасы – Павлодар облысы бойынша көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған мектепке дейінгі жалғыз білім беру мекемесі.

– Балабақшаларда сабақтардың өту ұзақтылығы қандай?

– Сабақтың өткізілу уақыты әр топтың жас ерекшелігіне қарай әр түрлі болып бекітілген.

Мәселен, 1-2 сәбилер тобында – 7-15 минут, орта топтарда 15-20, ал даярлық топтарында – 25-30 минутпен шектеледі.

Ата-аналардың балабақша қызметі үшін төлейтін айлық төлемақы жарнасы туралы не айтасыз?

Тәрбиеленушілер, негізінен таза табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етілетіндіктен, сәбилер тобының ата-аналары 8 айға орта есеппен 7 175 теңге төледі. Ал, мектепке дейінгі топтарда төлемақы мөлшері күніне 434 теңге, яғни айына 8 149 теңгені құрайды.

Қазақстандық білім беру жүйесіне енген жаңарту мазмұны балабақшаларды да айналып өтпеген болар?

Иә, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жаңарту мазмұнына көшкендер көптеп саналады. Сондықтан, мұндағы жұмыс сапасына қойылатын талаптар да бұрынғысынан арта түсуде. Әр тәрбиеші күнтізбелік перспективалық жоспары мен технологиялық картасы бойынша күнделікті сабағына дайындалады. Мемлекеттік стандарт болғандықтан, әсіресе, технологиялық картаның жүйелі түрде жүргізілуі талап етіледі. Қазірден бастап, жалпы білім берудегі секілді, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде де балалардың балабақшадағы алған білімдері мен дағдыларын біртіндеп электрондық мониторингіге көшіру басталды. Мұнда балалардың меңгерген білімдері мен дағдыларының жиынтық пайызы шығарылып, республикалық арнайы базаға тіркелетін болады.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

 

 

Айгүл Молдаш,

Павлодар қаласы

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*