Home » Білім және өнер » Серікбол Қондыбай – Маңғыстау туризмінің негізін қалаушы

Серікбол Қондыбай – Маңғыстау туризмінің негізін қалаушы

        Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көтерген ұлттық кодымызбен – жас ұрпақтың өзінің ұлтының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, елінің туған тарихымен терең сусындауы халық қуаттаған шара болып тамырын тереңге жаюда. Мұнайлы ауданы, Баянды аулындағы №3 орта мектепте «Серікболтану» клубының ашылуы осы игі істердің куәсіндей болды.

Этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салыстыра зерттеп, түріктану мен қазақтануға мейлінше құнды үлес қосқан Серікбол Қондыбайдың еңбектерін оқыту, таныту мақсатында мектептен арнайы кабинет бөлініп, ашылу салтанатына облысымыздың зиялы қауым өкілдері келді.

Салтанатты шарада кабинеттің лентасын қию рәсімін Мұнайлы ауданы әкімі Н.Т. Тәжібаев пен өлкетанушы А.Е. Еділханов орындады. Бұдан әрі клуб меңгерушісі Қуат Байназаров қонақтарды клубтың мақсатымен таныстырды. «Серікболтану» клубының басым бағыты Маңғыстау жеріндегі туризмді дамытуға үлес қосу, оқушыларға зерттеліп, зерделенбей жатырған жер тарихын таныстыруды ұстанады. Мектепте ғалымның Маңғыстау жері туралы жазған еңбектері мен түсірген картасына қарай оқушылар арасында танымдық бағытта шаралар ұйымдастырылып, клуб жұмысын аудан, облыс деңгейіне дейін көтеру жоспарланып отыр.

Мерекелік шараға келген қатысушылар клуб туризмді дамыту мақсатында құрылғандықтан, оқушылардың каникул кездерінде саяхатқа баруы үшін автокөліктің қажеттігін, клубқа берілген бөлмені мүмкіндігіне қарай кеңейтуді, Серікбол еңбектерін оқытуда мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруды және осы мектепті Серікболтану бағытында танымдық жұмыстарды үйлестіруші – облыстық ресурстық мектепке дейін көтеруді ұсынды.

Ел, жер жанашырлары клубтың ашылуына деген жылы лебіздерін, мектеп ұжымына деген алғыстарын  арнайы естелік альбомында қалдырды.

Туған жер мен туған елдің игілігі үшін отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастаған Серікбол Қондыбайдай тұлғаларымыздың іздері ұрпақ санасынан мәңгіге өшпек емес!!!

 

Ж. Жеткізген,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ

Инновациялық дамуды әдістемелік

қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*