Home » Таным » PASCO – педагогикалық жаңалықтар жаршысы

PASCO – педагогикалық жаңалықтар жаршысы

23-27 қазан аралығында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында PASCO компаниясының аймақтық директоры Марк Котляр бастаған тренерлер: Джефри “Джей Джей” Планк – физика оқу бағдарламаларын құрастырушы аға маман және техникалық маман Билл (Уильям) Конрад Зияткерлік мектептердің жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдеріне арналған семинар-практикум өткізуде.

50 жыл бұрын тек бірнеше кісі жұмыс істеген американдық компания «PASCO Scientific» бұл күндері қанатын кең жайған, ғылыми зертханаларға арналған құрылғылар мен сандық датчиктер, приборлар мен құрал-жабдықтар дайындайтын, әлемнің 100-ге тарта мемлекетімен жұмыс істейтін үлкен өндіріс орнына айналған. Компанияның негізгі мақсаты ғылым негіздерін оқытуды қызықты ету, әлемнің барлық педагогтарына арналған инновациялық технологиялар мен оқытудың өзекті мәселері бойынша озық шешімдер ұсыну, сол шешімдерді жүзеге асыруда мектептерге қолдау көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда «PASCO Scientific» оқушылар мен студенттердің зерттеу жұмыстарында таптырмайтын 70 түрлі компьютерлі сымсыз датчиктерді жасайтын дүние жүзіндегі жалғыз компания екенін айта кету керек.

«PASCO Scientific» компаниясымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарғанына бірнеше жыл болды. Бұл күндері еліміздегі барлық Зияткерлік мектептердің физика, химия,биология кабинеттері мен зертханалары оқу үдерісінде PASCO жасаған сандық интерактивті құрал-жабдықтарды кеңінен пайдаланады. Мысалы тек «Spark» приборы арқылы қысым мен көлем арасындағы байланысты, температура мен жылдамдықты, судың құрамы мен сапасын анықтауға, тіпті жұдырықты жұмғанда қандай бұлшық еттер жиырылатынына дейін өлшеуге болады. Кітаптың көлеміндей ғана мықты пластик пен темірден жасалған құрылғыны кез-келген ауа райында далада да пайдалануға болады. Кәдімгі компьютер сияқты құрылғы жадында 60 жуық дайын лабораториялық жұмыстар сақталған. Лабораториялық жұмыстар барысында прибордың түрлі сенсорлары арқылы экрандағы мәліметтерді тіркеу және сақтау, максимум және минимум нүктесін анықтау, математикалық заңдылықтарды анықтайтын график сызу, таблица құру сияқты әдістерді оқушылар зерттеу жұмыстарында кеңінен қолданады. Осылайша балалар табиғаттағы құбылыстардың жүру ретін елестетіп, нақты тұжырымдар жасай алады. Заманауи жабдықтарды оқыту үдерісіне енгізу, сабақта оларды тиімді пайдалану үшін алғашқы кезде Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдері АҚШ-тың   Колифорния штатындағы Роузвилль қаласында «PASCO Scientific» компаниясының өндіріс орнында, Роузвилль қаласындағы түрлі типтегі мектептерде арнайы   курстардан өткен болатын. Қазір осындай курстарды компания өкілдері Қазақстанға келіп, жергілікті Зияткерлік мектептер зертханалары базасында жүйелі ұйымдастыруда. Мұндай курстарда ұйымдастырушылар тек жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйретіп қана қоймай, Зияткерлік мектеп мұғалімдеріне пәннің ғылыми негізі, оқыту технологиялияларындағы жаңашылдықтар жайлы жан-жақты ақпарат береді. «PASCO Scientific» өкілі Марк Котлярдың айтуынша: “Мұғалім балаға емтихандардан кейін ұмыт қалатын білім емес, өмір бойы оған азық болатын, күнделікті өмірде пайдалана алатын білім беру керек. Білім берік болу үшін бала әр сабақта кішілі- үлкенді ғылыми зерттеу жүргізуі тиіс. Әдеттегідей лабораториялық жұмыстарда балаға әр қадамы көрсетілген нұсқаулық бермей, ғылыми ізденіске талпындыратын проблема қойылады. Оқушылар ойлана бастайды, сұрақтар қойып, түрлі гипотеза жасайды, мәліметтерді жинақтайды. Алынған мәліметтерді саралап, өзара талқылайды, ақылдасады. Ал мұғалім болса балаға бағдар беріп, түйінді пікірді дұрыс шешуге ғана жетелейді. Әрине бұл әдіс көп уақыт алады деуіңіз мүмкін, бірақ ойлануға үйрететін ең тиімді оқыту әдісі осындай».

       Семинар барысында баланың ой-өрісін дамытатын зерттеулерді ұйымдастыру әдістемесі кеңінен талқылануда. Семинар жаратылыстану пәндері бойынша өтетін практикумдарды жаңа сапалық деңгейге көтеруге, оқушылардың білім, білік-дағдыларының дұрыс қалыптасуына ықпал берері сөзсіз.

«Курс өте мазмұнды өтуде. Бұл курстарда оқыту процесінде PASCO құралдарының мүмкіндіктерімен қатар әлемде «lifelong learning» деп аталып жүрген пәнді оқытудағы ғылыми негіз жайлы көп нәрсе білдік.

Лабораториялық және практикалық жұмыстарда зерттеу жүргізу әдістемесімен танысудамыз, білім беру технологияларының жаңашыл әдістерін меңгеріп, кәсіби біліктілігімізді көтеруге мүмкіндік алдық. Әрбір сабақты PASCO құралдарының барлық мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып өткізсек, біз оқытуда сапалы білімге қол жеткізіп, оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандырамыз деп ойлаймын» – дейді Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Оразбаева Динара.

 

Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*