Home » Білім және денсаулық » Ұлттық ойындар арқылы балалардың денесін шынықтыру

Ұлттық ойындар арқылы балалардың денесін шынықтыру

Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздың бізге берген байлығы мен асыл қазынасы.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекеттерінің негізгі түрі. Ойын – баланың, бүкіл балалар ұжымының дамуында басты рөл атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынған. Жинақтағы ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні зор. Мектеп жасына дейінгі балалардың қоғамдық құбылыстарды, қоғамдағы ересек адамдардың іс-әрекетін өз түсінігінше әрекеті арқылы бейнелеуі ойын болып саналады.

Ойын дегеніміз – тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін ғажап нәрсе, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.

Ойын – өсіп келе жатқан ұрпаққа білім мен тәрбие берудің ертеден қалыптасқан құралы. Тәрбиелік міндеттердің кең ауқымын шешу үшін арнайы ұйымдастырылған ойындар тәрбиеленушілердің болашақ өмірдегі еңбек қызметіне даярлайды.

Ойындардың икемділікті, жылдамдықты, шапшаңдықты, күштілікті, ептілік пен тапқырлықты дамытудағы, қозғалыс үйлесімділігін жетілдірудегі маңызы аса зор. Бұл қабілет-қасиеттердің бәрі де ойын арқылы қалыптасады. Әр халықтың өз ұлттық ойындары және әр ұлт ойынының өз ерекшеліктері бар. Ұлттық ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделіктегі тіршіліктің қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі қолданылған еңбектің бір түрі ретінде дамыды. Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро-эпостарының қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың өнбойынан халықтың ұлттық ойындарының алуан түрлерін кездестіреміз. Жырлардың негізгі кейіпкерлері де ойын үстінде көрінеді. Ол негізгі кейіпкерлер: болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткері т.т.

Ойын арқылы қазақ балалары өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түскен. Ойынды қазақ халқы тек ойын-сауық, көңіл көтеретін орын деп қарамаған. Ең бастысы – ел қорғауға қабілетті болашақ қайраткер өзінің осы қабілетін шаршы топтың алдында, баршаға тең еркін бәсекеде жеңіп алуға тиіс болған. Манаш ұлы Тұяқбай жырында: «Балалармен ойнайды, ойнап жүріп ол бала, кеудеге ақыл ойлайды», – деп, ойынның ойлауға да көп маңызы барын айтады.

Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу – мектепке дейінгі ұйымның басты міндеттерінің бірі, өйткені, біздің қоғам өмірінде адамгершілік бастамалардың рөлі барған сайын артып, ізгілік, имандылық, мейірімділік сияқты адамгершілік құндылықтардың аясы кеңейіп келеді.

 

   Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты:

– Ұлттық ойындарды дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру;

– Қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу;

– Жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп, өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.

Ұлттық ойындарымыздың балаларға тәрбиелік мәнімен қоса, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Бір-ақ мысал келтіріп кетейін: «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойынын балалардың саусақ маторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады.

Мектепке дейінгі балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен ойната отырып, дені сау, шыныққан, салауатты өмір салтын ұстанатын жеке тұлға етіп тәрбиелеуге болатынына сенімдімін.

Абдыканов Ақназар Айданович

№71 «Мөлдір» балабақшасының

Дене шынықтыру нұсқаушысы,

Астана қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*