Home » Білім және тұлға » Ұлт марқасқаларының мұрагері

Ұлт марқасқаларының мұрагері

“Жақсының жақсылығын айт” жобасы бойынша

«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, білім беру мекемесінің деңгейі мен оқушылардың білім сапасы, әлбетте, бірден ұстаздардың қарым-қабілетіне келіп тірелетіні белгілі. Бұл тұрғыда білікті мамандары мен алғыр оқушыларының арқасында 2015 жылы Астана қаласы бойынша «Үздік мектеп» атанған Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп пен оның директоры, яғни қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалінің иегері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері Ербол Іргебайды қаламымызға арқау етпекпіз.

 

КҮЙ ҚОҢЫРАУЛЫ МЕКТЕП

   Біртуар тұлға Әлкей Марғұланның есімі берілген №40 мектеп Астананың оң жағалауындағы шеткі аудандардың бірі Көкталда орын тепкен. Бұл мектепке «қаланың шет жағында орналасқан» деп мұрын шүйіре қарайтындар да табылуы мүмкін. Алайда аталмыш білім ордасының шын бағасын білетіндер әсте олай етпейді. Тіпті қазақы тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы жұмыстары үшін алғыс айтатындар да аз болмауы мүмкін. Неге десеңіз, біріншіден, мұнда ұлттық рухты бойына сіңірген алашшыл азаматтар тәрбиеленіп жатыр екен. Екіншіден, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздардың да көбі осында сыңайлы. Әрине, атын атап, түсін тестемей-ақ қоялық. Ал, үшіншіден, ұлтын сүйетін әділ басшысы бар. Мұндай жерде білім алатын оқушының тасы өрге домаламауы мүмкін емес болар.

3-4 қабатты (4 қабаты – тех қабат), алыстан мен мұндалап тұрған жаңа ғимараттың кең ауласына бірыңғай тас төселген, жан-жағының бәрі жаздың күндері гүлмен көмкеріліп тұрады. Ауласының өзі құдды бір мектепішілік шараларды өткізуге арналғандай. Сыртқы есіктен аулаға енген кезде тура тынысың ашылып сала береді. Содан соң бірден ғимараттың төбе тұсындағы Әлкей Марғұланның суретіне көзің түседі. Ішіңнен еріксіз «Ассалаумағалейкум» дегің кеп тұрады. Сөйтіп мектептің ішіне кіргенде темірдей тәртіпке куә боласың. Вахташының алдынан бастап турникеттер қойылған. Бейтаныс жандарға ары қарай себепсіз өтіп кетуге рұқсат жоқ. 2000-ға жуық оқушысы бар мектепте 150-ге жуық маман жұмыспен қамтылған. Оның 100-ден астамы – мұғалімдер. Бірақ мұндағы бірінші басшыдан бастап еден жуушы, күзетшілерге дейін – барлығы өздерін «оқушылардың қызметшісіміз» деп есептейді.

Аталмыш мектепте білім алу үшін оқушыларға барлық жағдай жасалған. Яғни сынып бөлмелерінде интерактивті тақталар бар болса, барлық кабинеттердегі компьютерлер түгелдей интернет желісіне қосылған. Сол сияқты мекеме басқа да заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар каратэ, гандбол, волейбол, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ сияқты спорттық секциялар да мұндағы мектеп оқушыларының құзырында. Айта кету керек, №40 мектептің спорт залы кең болғандықтан, онда мектепішілік спорттық шаралардан бөлек қалалық деңгейдегі ірілі-ұсақты шаралар да өтіп тұрады. Ал аталмыш білім ошағының мәдени іс-шаралары өтетін мәжіліс залында халық алдында жүрген ел ағалары мен өнер жұлдыздарының оқушылармен кездесулері де жиі ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Мектептің білім, спорт, өнер салаларындағы желеу етер барлық жетістіктерін тізе берсек, саусақ жетпейді-ау. Алайда барлық жағынан оқ бойы озық тұратын мұғалім мен оқушының жетістігі мүлде елеусіз қалмайды мұнда. Оқу жылының соңында белсенділер бірнеше аталым бойынша «Марғұлан» сыйлығымен марапатталып тұрады. Елдос Әнкей, Камила Еманғалиева, Мадияр Жақып, Мәди Бижанов сынды түлектерінің Марғұлан мақтаныштарына айналғанын да атап өткен жөн болар. Ал тоқсан сайын жарыққа шығатын мектепішілік «Марғұлан» журналынан көз қанықтырар материалдарды оқуға болады.

Сондай-ақ, бұл мектепте 160-тан астам гүлдердің түрі өсірілетін өсімдікжайдың да жұмыс істеп тұрғанын айта кетпесе болмайды. Ал Марғұлан музейінің жөні тіптен бөлек. Музейде Әлкей Марғұланның ескерткіш-бюсті, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов сынды және басқа да ұлтымыздың ұлы тұлғаларымен бірге түскен суреттері, пайдаланған заттары, яғни кесе-қасық, тәрелке, тақия, оюлы шапан, домбырасы мен жұмыс үстелі, диваны сияқты басқа да құнды жәдігерлер қойылыпты. Мұраға толы мұражайды қызықтаушылар да аз емес көрінеді. Мысалы, өткен жылы Астанаға саяхаттап келген Эстонияның 1891 жылы ашылған тарихи әрі дарындыларға арналған мектебінің оқушылары Марғұлан мектебіне ерекше тәнті болған деседі. Аталмыш мектептің оқушылары да саяхатқа шығудан кенде емес екен. Мектеп директоры Ербол Іргебайдың «Ұлттың ұлылығын ұлықтау – ұрпаққа ұлағат» деп аталатын авторлық бағдарламасы аясында «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» атты туристік-өлкетану экспедициясының да дәстүрлі түрде жүзеге асып тұратынын айта кету ләзім. Осы уақытқа дейін аталмыш бағдарлама негізінде мектеп оқушылары еліміздің талай-талай тарихи орындарында болған екен.

Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектебіндегі қоңырау дыбысының мәнері де тым бөлекше. Қалай десеңіз, мұндағы сабақтың басталып-аяқталғанын білдіретін қоңырау күмбірлеген күймен соғылады. Оқушылар «Аққу» күйімен сыныпқа кірсе, 45 минуттан соң «Балалық» («Детсво») күйімен үзіліске шығады. Бұл қоңыраудың шамамен 5-6 жылдан бері тәжірибелік қолданыста келе жатқанын айтады мамандар.

БАРҚЫТБЕЛ БАУРАЙЫНДАҒЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ

        Мектеп директоры Ербол Іргебаймен Марғұлан музейінің төрінде сұқбаттасуға мүмкіндік туды. Сұқбат барысында білікті басшымен оның еңбек жолы және ұстаздары мен өмірлік ұстанымы, білім саласындағы толғандыратын мәселелер тұрғысында әңгіме өрбіді. Әңгімені әріден бастаған Ербол Исламұлы қысқаша өмірбаянына да тоқталып өтті.

1962 жылдың 5 қыркүйегінде ШҚО, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылындағы Ислам Мұқатайұлы мен Лина Сләмбайқызының тұңғыш сәбилері дүниеге келеді. «Ел үшін туған ер болсын» деп ырымдаған әжесі Жамал апа немересіне «Ербол» деп ат қояды. Содан көп ұзамай отбасыларымен ШҚО-дағы Үржар ауданына қарасты Тасбұлақ ауылына көшіп барып, Ербол Исламұлының балалық шағы осы ауылда өтеді. Барлық ауыл балалары сияқты бала Ербол да асыр салып, асық ойнап, шаңғы теуіп, шөп шауып, қара жұмысқа жегіліп өседі. «Тасбұлақ ауылы – Барқытбелдің баурайындағы аты айтып тұрғандай, бұлағы сарқырап тұратын, табиғаты ерекше, қары қалың, қысы қатты ауыл», – дейді Е. Іргебай сөз арасында ауылы жайлы. Мұқатай атасының тәрбиесін көріп, ата-әжесінің өнегесін бойына сіңірген ойын баласы әкесі мен анасы да мұғалім болғандықтан, олардың атына кір келтірмес үшін тентектік жасамай, үнемі тәртіпті болуға тырысады. Үйдегі дағды бойынша кешкі сағат 9-дан кейін көшеге шықпауды да әдетке айналдырыпты. Әлемге әйгілі спортшы болуды армандаған ол «Ат айналып, қазығын табар» дегендей, қанша армандаса да, мұғалімдер отбасында өсіп-өнгендіктен болар, мектеп бітіргеннен соң талай тарланды түлеткен Семейдегі педагогикалық институтқа оқуға түсіп, мұғалімдік мамандықты таңдайды. Айта кету керек, Ербол Исламұлының Нәзилә есімді әпкесі де, өзінен кейінгі іні-қарындстары да, жары Қымбат Мұқанқызы да мұғалімдік мамандықтың майталмандары екен. Институтты тәмамдаған соң кейіпкеріміз аулына қайтып келіп, өзі оқыған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, еңбек жолын бастайды.

ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК

Ал 1988 жылы Үржар ауданына қарасты Лайбұлақ ауылындағы орыс орта мектебінің директоры болып ауысады. Алайда бар болғаны бірнеше өзге ұлт өкілдері мекен ететін ауылдағы мектептің орыс тілінде білім беріп жатқанына көңілі толмаған Ербол Іргебай сол кездегі қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағының солақай саясатына қарамастан, Жоғарғы жаққа, тиісті мекемелерге хат жазып жүріп, қаншама қиындықты бастан кешірсе де, табандылығының арқасында ақыры аталмыш мектепті таза қазақ мектебі қылып қайтадан аштырған екен. Бұл оның, әлбетте, ұлтына деген сүйіспеншілігі екені даусыз. Сол кезде оны «ұлтшыл» деп айыптап, үстінен арыз жазғандар да болыпты. Әрине, оның ұлтшыл екені сөзсіз. Мұнысын ол әсте жасырмайды да. «Мен – ұлтшылмын, бірақ шовинист емеспін. Яғни, ұлтымды шексіз сүйемін, алайда өзге ұлттардан қазақты жоғары қоймаймын әрі ешкімнен төмен болғанын да қаламаймын», – дейді Ербол Исламұлы сұқбат барысында. Орыс мектебін қазақ мектебіне ауыстырып қана қоймай, Ербол Іргебай көпшіліктің қарсы болғанына қарамастан сол кездегі кабинетінің төріндегі орыс көсемі Лениннің портретін алғызып тастап, оның орнына Абылай ханның портретін арнайы жасатып іліп қойыпты. Одан кейін Үржар ауданындағы Қарақол ауылының мектебіне директор болып ауысып, кейіннен аталмыш ауылдық кеңесінің төрағасы, 1994 жылдан бастап ауыл әкімі болған кездерінде де Лениннің суретін Абылай ханның портретіне ауыстырып отырған. Хан Абылайдың портреті қазіргі №40 мектептегі кабинетінің төрінен де орын алыпты. Бұл да оның ел патриоты екенінің тағы бір дәлелі болса керек. Содан 2000 жылы отбасымен Астанаға қоныс аударып, әкім лауазымынан қайтадан ұстаздық жолға бет бұрып, елордадағы №11 химия-биология лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған өнегелі өмір иесі 2005 жылдан бастап Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің директоры болып тағайындалған.

– Осы мектепке алғаш директор болып орналасқанымда мұндағы білім сапасы көңіл көншітпейтін, тәртіп мәселесі де аса мәз емес еді. Бұзықтық жасау оқушылар үшін тіпті үйреншікті жағдайға айналғандай. Сол кездегі мұғалімдер де бұл жүйеге көндігіп қалыпты. Содан біздің алдымызда білім мен тәртіпті күшейту мәселесі тұрды. Мектебімізге Әлкей Марғұланның есімі берілгеннен соң осындай тұғыры биік тау тұлғаларымызды темірқазық етіп алып, оқушылардың ұлттық рухын оятуға, отансүйгіштік сезімін күшейтуге тырыстық. Шүкір, сол еңбегіміздің бәрі еш кетпеді, – дейді Ербол Іргебай сөз арасында.

ҰСТАЗДЫҢ ҰСТАЗЫ

        Ұлтқа ұстын болған ұстаздардың бірі, мүйізі қарағайдай Қайым Мұхамедхановтан білім алған жанның бағы бес елі екені даусыз. Біздің кейіпкеріміз де бағына, бақытына орай тұнығы лайланбаған тау тұлғаның тәлімін алған. Сонымен қатар, Қинаят Шаяхметұлы, Арап Еспенбетов, Бағила Сайлаубайқызы сияқты білгір ұстаздардың да тағылымды тәрбиесін көрген Ербол Исламұлы білім көкжиегінде қанатын қатайтып, қолтығынан дем берген мұғалімдерін сөзіне арқау ете отырып, қазақтың Қайымы жайлы былай дейді:

– Қайым Мұхамедханұлы – қазақтың маңдайалды перзенттерінің бірі. Оның ұстазына деген құрметі, адалдығы, ол үшін жанын құрбан етуге даярлығы, ұлтына деген сүйіспеншілігі, жанкештілігі, төзімділігі, еңбекқорлығы – бәрі-бәрі бөлек-бөлек әңгіме. Осы ұстаздарымыздың санамыздың серпілуіне, әдебиет, еңбек һәм өмір жолында қалыптасуымызға қосқан үлестері зор.

«Иіліп жүріп игілікке жеткеннен гөрі – қарсыласып жүріп көрген қорлық артық» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Кеңес Одағының солақай саясатының құрбанына айналып, қанша қыспақ көрсе де, ешкімнің алдында иілмей, қайта қасқайып қарсы тұрған Қайымның қайсарлығын батырлыққа балауға болатындай. Әдебиетте өшпес із қалдырған осындай қара нардай ұстазының өнегелі өмір жолы мен тұлғалық қасиетін зерттеп, содан рухани азық алатын шәкірті ендігі жерде еліміздегі мектептердің біріне Қайым Мұхамедханұлының есімі берілсе деп армандайды екен. Егер де бұл арманы орындалған жағдайда сол білім ошағымен қолындағы бар материалын бөлісуге дайын екенін айтады ол. Ұстазы Қайым Мұхамедханұлы мен Әлкей Марғұланды, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен хакім Абайды бой тұмарындай көріп, пір тұтатын Ербол Іргебайдың өзін де қазақтың үлгілі һәм өнегелі азаматтарының бірі деп ауыз толтырып айтуға болады. Тау тұлғалардың тартымды қасиеттері мен даланың дархандығын, қаланың зиялылығын бойына сіңірген Ербол Іргебай заман ағымынан да қалыс қалмай, әлеуметтік желілерде де белсенділік танытып, ел, жер, ұлт тақырыптары тұрғысында батыл үн қосып, азаматтық пікірін білдіріп, сол сияқты жеңіс жалауын желбіреткен еліміздің спорт сайыпқырандары туралы жағымды жаңалықтарды да қалт жібермей, көпшілікпен бөлісіп отырады. Сонымен қоса «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, оқушылары мен ұжымының жетістіктерін де назардан тыс қалдырмай, оларға деген разылығын ғаламтор желісінде жариялап, өскін өрендердің арқасынан қағып, қарамағындағы мамандарының жігерін жанып қоятыны тағы бар. «Алтын көріп, адал жолдан таймадым» деп ұстазы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, лайым қарапайымдылықтан танбай, әділдікті ту еткен, мақтауды сүймейтін, марапатқа да кенде емес мәртебелі мамандық иесін төл мерекесі – ұстаздар күнімен құттықтай отырып, еңбегіне жеміс, отбасына бақыт, шығармашылығына толағай табыстарды тіледік. «Жақсымен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, ұлт марқасқаларының бүгінгі мұрагеріндей болған тектінің тұяғы, асылдың сынығы Ерағаңмен әңгімелесу қандай ғанибет десеңізші..!

Нұрдәулет КӘКІШЕВ,

Білім айнасы

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*