Home » Білім және заң » Сот отырысының хаты

Сот отырысының хаты

Сот отырысының хаттамасын жүргiзетiн, сондай-ақ сот отырысының аудио, бейнетіркелуін қамтамасыз ететін, қылмыстық iске мүдделi емес мемлекеттiк қызметшi сот отырысының хатшысы болып табылады. Хатшы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшiн жеке дара жауап бередi. Сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сай келмейтiн мәлiметтердi енгiзген жағдайда, хатшы заңда көзделген жауаптылықта болады.

Хатшы: барлық уақытта сот отырысы залында болуға және сот отырысына төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз кетпеуге, хаттамада соттың iс-әрекетi мен шешiмiн, соттың отырысына қатысушы барлық тараптардың жауаптарын, қарсылықтарын, өтініштерін, түсiнiктемелерiн, сондай-ақ сот отырысының хаттамасын толық және дұрыс жазуға, сот отырысының хаттамасын осы ҚР ҚІЖК-де белгiленген мерзiмде дайындауға, төрағалық етушiнiң заңды үкiмiне бағынуға, жабық сот отырысында өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға мiндеттi.

Сот хатшыларының жұмысы оңай болып көрінуі мүмкін. Сот хатшылары сотқа қатысушы тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, іс құжаттарын реттеп отыратын жәй маман сияқты. Алайда, сотта қаралатын кез-келген істің қиындықтары мен қатар істі өндіріске дайындау сатылары болады. Мәселен істі сотта қарамас бұрын, онымен танысу, қарау, уақыттарын белгілеу, ұйымдастыру, ал үкім шыққанда оны орындау немесе тараптардың шағымдары болса істі жоғарғы апелляциялық сотқа дайындап тапсыру секілді көзге көрінбейтін жұмыстар жетерлік. Сот отырысы хатшысының жұмысы күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты да.

Әрине, мұнда сот хатшыларына бағыт-бағдар беріп отыратын судьялардың орны бөлек. Мысалы, мен сот саласында жұмыс атқарып, көп тәжірибе жинақтадым. Соттардың жұмыс сапасы мен беделіне нұқсан келмес үшін сот хатшыларының жауапкершілігі жоғары болуы керек. Өйткені, қарапайым хаттамадан бастап іске қажетті құжаттардың барлығы хатшының қолынан өтеді. Қылмыстық іс қабылданғаннан бастап, үкім шыққанға дейінгі аралықтағы барлық іс жүргізу белгіленген уақытпен реттелетін жұмыс болғандықтан, бәріне үлгеруіміз керек.

Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне, тындырымдылығына тікелей байланысты. Негізінде, судья болуға сот жұмысын бес саусағындай білетін, сот істерін жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың – сот отырысы хатшыларының мүмкіндіктері көбірек секілді. Мемлекеттік қызмет мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлерге сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері ішінара өзгеріп отырады. Десек те, сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, мойымастан атқарып келеді. Сот отырысының хатшысы сот жүйесіндегі маңызды буын екендігі сөзсіз.

 

Жетпісбаев Нұрсұлтан Мерекеұлы

Көкшетау қалалық соты кеңсесінің

бас маманы – сот отырысының хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*