Home » Жаңалықтар » Ұстазым менің, ұстазым….

Ұстазым менің, ұстазым….

Мейрамыңызбен, мұғалім!

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші, продюсер, бизнесмен, философия ғылымдарының докторы:

–   Алғаш мектепке барғанымда бізде 2 мектеп болатын. Бастауыштағы ұстазымның аты – Мейрамгүл апай. Қаталдау еді. Әділдігі, баланы білімге ұмтылдыруы керемет болатын. Сол кереметтігі қаталдығын білдірмейтін. Бастауышты бітіргеннен кейінгі ұстазым Ақнұр апайым болды. Негізі, мен мектепке 5 жасымнан барыппын. Ағаларым мектепке барғанда, мен де жылап арттарынан қалмаппын. Содан классқа кіріп, шықпай жылаған екенмін. Әкем марқұм, құқық қорғау қызметкері еді. Ол кісі «Жарайды, 2-3 күн отырған соң, жалығып үйге қашар?!» депті. Бірақ мен сол қырсықтығым, тентектігім, жоқ әлде, кітап, әріпке қызығушылығым болар, одан әрі оқуымды жалғастыра бергенмін. Мен сізге бір естіген қызығымды айтайын. Бірде Қазақстан мұғалімі Жапонияда тұратын досына хабарласып «Елімізде мұғалімдер күнін тойлап жатыр» депті. Әлгі жапондық таң қалыпты. Оларда ондай мейрам жоқ екен. Күндердің күнінде, әлгі біздің отандасымыз Жапон еліне қонаққа барыпты. Досы әуежайдан күтіп алған. Содан қонағының кеудесіне белгі (значок) таққан. Оларда арнайы ұстаздар тағатын ерекше белгі – төсбелгі болады екен. Сөйтіп екеуі метроға кірсе, бір үлкен қарт орнынан тұрып, басын иіп, орын берген. Біздің жерлесіміз аң-таң. Бір қызығы, тек мұғалімдер кіретін арнайы дүкендері болыпты. Ал, басқа да дүкендерге мұғалім кірсе, сатушы орнынан тұрып амандасып, ерекше ілтипат таныту – міндеті. Ең құрметті дүкендер – мұғалімдер көп кіретін дүкендер болып саналатын көрінеді. Ең табысы көп те – ұстаздар. Міне, көрдіңіз бе, менде сөзбен емес, ісімізбен ұстазға құрмет көрсетсек деген ой. Оларда әлемге жар салатындай мұғалім мейрамы жоқ, бірақ ел болып күнде құрмет көрсетіледі, арнайы жасалған жағдайлар бар. Қандай керемет!

Ал, алғашқы ұстазым Мейрамгүл апайыма айтарым, өмірде болса жасы ұзақ, мықты денсаулық тілеймін. Өмірден өткен болса, “Иманды болсын!” дегім келеді!

 

Елназ Нұрсеитова, «Астана Аруы – 2016» байқауының жеңімпазы:

-Мен Алматы облысы, Ақсу ауданы, Матай орта мектебінде алғаш мектеп табалдырығын аттадым. 80 жылға жуық тарихы бар мектептен білім алғаныма қуанамын. Алғашқы ұстазым – Изатова Гүлнәр Әбілхаққызы еді. Әлі есімде, ол кісі бізге өз баласындай, досындай қарайтын. Өте тәжірибелі маман болатын. Өзінің білгенін, оқып-тоқығанын бізге үйретуден жалықпайтын. Сондықтан, әр қадамы, сөйлеген сөзі бәрі-бәрі жадымда.

Ұстаздарға тілерім: мықты денсаулық, қажымас қайрат, қашан да мұғалім мәртебесі жоғары болғанын қалаймын!

 

Нұркен ӨТЕУІЛОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер:

– Мен Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай орта мектебінде білім алдым. Алғашқы ұстазым өз анамдай болып кеткен. Ұстазымды жақсы көрдім, ғашық болдым. (Жымиды-авт.) Ол кезде ЖОО-ны жаңадан бітіріп келген жас маман Рая Сарқұлова еді. Өте әдемі болды. Бұл кісілер бізді мейірімділікке үйретті. Баланың көпшілдігіне, жан-жақтылығына, адамшылығына көп көңіл бөлетін. Үлкенді сыйлау, кішіге құрмет, өтірік айтпау, біреуге жамандық жасамау қағидаларын бойымызға сіңіре білді. Мұғалімнің бала болашағына үлесі өте үлкен. Балаларыма үйде анаң болса, мектептегі анаң – ұстазың деп үйретемін. Менің берген тәрбиемді мұғалім де береді.

Ұстаздарға айтарым, бастауышқа енді қадам басқан бүлдіршіндерге білім мен мейірімдерін төгіп, қазақтың рухты ұл-қызын тәрбиелеп шығаруына тілектеспін!

 

Нұрлан ӘЛІМЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, әнші:

– Менің алғашқы ұстазым – Гүлшекер Сұлтанқызы. Әрине, ол кісінің берген білімі мен тәрбиесі есімде. Білімді және бала жанын түсіне білетін, білікті маман болған.

Міне, мұғалімдер күнінде Қазақстанның барша ұлағатты ұстаздарына және білімді қуып жүрген барша жастардың дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін. Білімнің пырағын ерттеп мініп, бақытқа жетуді нәсіп етсін деп тілек білдіргім келеді. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын!

 

Тәуекел МҮСІЛІМ, тележүргізуші, әнші, актер:

 

 

 

 

 

 

 

 

– Алматы қаласындағы №148 мектепте білім алдым. Алғашқы ұстазым қатал болды. Егер жазуымыз дұрыс болмаса, саусағымызды тақтаға қойып сызғышпен ұратын. Одан жаман болмадық! Жазуымызға қатты көңіл бөлетін. Тез оқуға үйрететін. Уақытқа, минутқа жарыстырып оқытатын. Кім жақсы оқыса, соны тақта алдына шығарып мақтайтын. Сол мақтауды біз де естігіміз келіп, жақсы оқуға тырысатынбыз. Мектепте қойылымдарда әртүрлі жануарлардың рөлін ойнадық. Әліппемен қоштасқаным әлі есімде. Менің өнерге бет бұруыма сол кісінің де ықпалы болғанын жасырмаймын. Әлі араласып тұрамыз.

Ұстаздардың атқарып жатқан істері – маңызды және құрметті. Тілегім – денсаулық, ұзақ жасасын. Еңбектері жемісті болсын!

 

Жауаптарды жинақтаған

Сәния СҮЛЕЙМЕН,

Білім айнасы

Астана қаласы

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*