Home » Жаңалықтар » Зияткерлік мектептерінің геологтары Францияны таңғалдырды

Зияткерлік мектептерінің геологтары Францияны таңғалдырды

Зияткерлік мектептерінің геологтары Францияны таңғалдырды

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары Францияда өткен «IESO» (International Earth Science Olympiad) – Жер туралы ғылымдардың Халықаралық олимпиадасына қатысқан 10-сынып оқушысы Аружан Калымова мен 12-сынып оқушысы Мөлдір Шынғыспен кездесті.

Олимпиаданың командалық кезеңінде ESP (Earth Science Project) – Жер туралы ғылымдар бойынша жоба қорғаған Аружан мен Мөлдір олимпиаданың күміс жүлдегері атанған болатын. Кездесуде жас геологтар «IESO– 2017» халықаралық олимпиадасы туралы, дайындық барысы мен алыс елден алған әсерлері туралы баяндап берді.

Мөлдір Шынғыс, 12-сынып:

Жақында ғана біз Францияның Ницца қаласында өткен «IESO-2017» олимпиадасынан оралдық. Оимпиада геология, геофизика, метеорология, океанография, астрономия сынды ғылым салаларын қамтыды.

Осынау маңызды шараға дайындық қаңтар айында басталған болатын. Қаңтарда біз 9-11-сынып оқушылары арасында мектепте өткен іріктеу олимпиадасында жеңіп шығып, “Жас Геолог” Корпоративті қорында дайындықтан өттік. Францияға аттанған қазақстандық командада төрт оқушы болса, соның үшеуі біздің мектептен еді. Атап айтсақ, олар – Аружан Калымова, Винтенбах Владислав және мен – Мөлдір Шынғыс.

«IESO-2017» халықаралық олимпиадасына аттанар алдында біз Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiне шақырылдық. Бізді вице-министр Тимур Тоқтабаев пен геология комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев қабылдады. Өзімізді таныстырып, болашақтағы жоспарларымыз туралы айтып берген біздерге үлкен ағалар өсиет айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Біздің команданың барлық шығындарын Шахмардан Есенов атындағы ғылым-білім беру Қоры көтерді.

29 елден келген 130 қатысушы өз мемлекетінің туын көтеріп, қызыл кілемде жүріп өтті. Қазақстан туын алып жүру құрметіне мен ие болдым. Келесі күні бізді Францияның ұлттық паркі Меркантурге алып барды. Біз Альпі тауларын көріп, көз қуантар көркіне, таза ауасына тәнті болдық. Жас геологтар ретінде біз еш нәрсені назардан тыс қалдырмауға тырысып, тау жыныстарын, минерал тастарды зерттеуге, геологиялық процестерді талдауға кірістік.

Аружан Калымова, 10-сынып:

Олимпиада үш түрлі кезеңнен тұрды: жеке есеп (жазбаша тест және практикалық жұмыс), ESP (Жер туралы ғылым бойынша жоба), ITFI (зерттеу жұмысы).

Бөлініп берілген аймақтарда зерттеу жүргізіліп, олимпиаданың практикалық кезеңі өтті. Біз тау жыныстарының түрін, оның құрамына енетін минералдарды, сол аймақта болып өткен геологиялықты процестерді анықтадық. Жекелеген есептегі тапсырмаларды орындап болған соң, ең қызықты бөлім – ITFI және ESP командалық жарыстар басталды. Команда құрамында әртүрлі мемлекеттердің өкілдері болды, біз Мөлдір екеуміз екі түрлі командада жұмыс істедік.

Мөлдір Шынғыс, 12-сынып:

Мен олимпиаданың екі кезеңін Израиль, Австралия, Қытай, Германия, Индонезия, Италия және Шри-Ланкадан келген 8 баладан тұратын команда құрамында өттім. «Team A» деп аталған біздің команда Кап-Д’ай жағалауын зерттеді. «Берілген аймаққа қандай геологиялық процестер қауіп төндіреді? –деген тақырып бойынша команда жақсы жұмыс істедік. Олимпиада барысында біз орындаған тапсырмаларды Жапония, АҚШ, Австралияның атақты университеттерінің беделді профессорларынан тұратын халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Аружан Калымова, 10-сынып:

Олимпиада кезінде біз Монаконы көруге мүмкіндік алдық. Бұл ең танымды саяхат болды. Ал келесі күнді «Жер жүйесі туралы білім жаңа планеталарды игеруге қалай көмектеседі?» деген зерттеу тақырыбы бойынша жасалатын презентацияға дайындыққа арнадық.

Мөлдір Шынғыс, 12-сынып:

Командалық жобалардың презентациясы ғарыш серіктері мен ракеталар құрастырылатын «Thales Alenia Space» өтті. Ал күннің екінші жартысында сол орталықта Марсты игеру туралы қызықты дәріс тыңдадық. Соңғы күні әр мемлекет өзінің ұлттық өнерін көрсеткен үлкен мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Біздің ұлттық киім киіп, нақышына келтіре орындаған биіміз көрермендердің көңілінен шықты.

Командалық есепте құрамында біз болған екі команда күміс медаль иеленді. Біз ортақ жеңісімізге қуана шаттанып, бақытқа бөлендік.

Осылайша естен кетпес «IESO-2017» олимпиадасы арқасында біз әлемнің әр бұрышынан жаңа достар таптық, көп нәрсе білдік.

Әлемді тануға, жаңа достар табуға, бақытты болуға берілген осындай мүмкіндік үшін мектебімізге, «Жас геолог» корпоративтік Қорына айтар алғысымыз зор.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*