Home » Жазу » Ауылға сағыныш

Ауылға сағыныш

                                                                                                                           Астана қаласы,
№65 мектеп-гимназияның
информатика пәні мұғалімі
Құлмағамбетова Салтанат Әбдісалыққызы

Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы едім ауылым…

index            Міне, көктем мезгілі де келіп жетті. Қар кетіп, күн жыли бастады. Барлық үйдегілер осы мезгілді күтіп отырғандай далаға ағылып шыға бастады. Шынында да баяу ескен самал жел адам баласын еріксіз далаға, серуендеуге тартады. Мен де үстіме жеңіл киініп, тысқа шықтым. Біраз жүргеннен кейін, үйдің алдындағы орындыққа отырдым. Жас сәбилер бірін-бірі қуалап, тығылып, бірінің құлағына бірі сыбырлап мәз. Осы балғын бүлдіршендердің сыңғыр-сыңғыр күлкілерін, былдыр қаққан тілдерін ести отыра, өзімнің балалық шағымды зор сағынышпен еске ала жөнелдім. Көз алдыма ата-анам, туған-туыстарым, қанат қағып ұшқан алтын ұя мектебім, білім нәрін себе білген ұстаздарым, кең көгорай шалғын жері бар ыстық ауылым елестеп кетті.

Я, шіркін ауылым десеңші! Менің ауылымды жер жәннатына теңесем артық болмас еді-ау! Жұпар иісті қыр гүлі, көкпен бой тірескен жап-жасыл ағаштары, дертке дауа ауасы, мөлдір таза суы бойыңа күш беріп, көңіліңді сергіте түсетін.

Жері тұнған тарих, қойнауы бай. Атап айтар болсам өткен ғасыр естелігі «Қыз тамы», «Екі дің», «Жәуке батыр кесенесі», «Сахна там». Бәрі сырға толған, кешегі күннің естеліктері. Әр дүниенің өзіндік ерекшеліктері, құндылықтары жетерлік. Бүгінгі ұрпаққа естен кетпес естелік. Осындай сырға толы, көркем табиғатынан жанымыз рухани азық алып өскен ауылымды сағынышпен еске аламын.

Бірақ осынау бір тоқырау заманның менің ауылыма да тигізген әсері аз емес. Кезіндегі отар-отар жылқы өсіріліп, елімізге мол табыс әкелетін жылқы заводы, бұл күнде жабылып, ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлай түсті. Жастардың көбісі жұмыссыз қалғандықтан, ауылдың сәні кетіп, халықтың көңілін зіл басқандай болды. Осының салдарынан көп ауыл тұрғындары қалаға ағыла бастады. Қаңырап бос қалып жатқан ауылдағы үйлер аз емес. Отынның жетіспеуінен, ауыл ортасындағы, маңайындағы жайқалып өсіп тұрған ағаштар да кесіле бастады. Осының бәрін ойлай берсем қатты қарным ашады.

Бірақ мен ауылымның болашағы осындай қарны ашып, қабырға қайыстыратындай жағдайда қалады деп ойламаймын. Себебі біздің арқа сүйер азаматымыз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев соңғы жылдары ауыл шаруашылығын өркендету мен ауылдық аймақтарды қайта жаңғыртуды қолға алуда.

Ауыл! Әр қазақтың ата тегінің ақ бесігі, әр қазақтың табанын тірер, арқасын сүйер асқары, әр қазақтың баба дәстүрі, көне салты, әр қазақтың есі кетіп, еске алар балалық балғын дәурені.

Я, бұл менің сағынышпен еске алар ауылым кешегі Сарыторғай совхозы, бүгінгі қасиетті Екідің ауылы. Менің арманым – қаңырап қалған үйлер қайта соғылып, өндіріс одан әрі дами берсе. Ауасы ластанбай, табиғаты кірленбей, үйір-үйір малдары ешқашан санын жоғалтпаса екен деймін. Осындай қиалға ерік беріп отырғанымда ойымды ұлымның «Мама! Мама!» деп шақырған дауысы бөліп жіберді. Үйге кіріп бара жатып, мына өлең жолдары ойымда қайталанып бара жатты:

Көк торғындай көктемде,

Сағым қуған ауылым.

Алыс сапар шеккенде,

Сағындырған ауылым…

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*